Елімізде қазіргі таңда елеулі мәселелердің бірі - ол автотұрақ мәселесі. Автотұрақтың жетіспеушілігі көлік жүргізушілерін әбден шаршатқан, әсіресе Алматы қаласы жүргізушілерін. Бұған кінәлі көліктер ме, әлде арнайы автотұрақтардың жетіспеушілігі ме?
Қалада автокөлік қоятын орын мүлде жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ, оның тапшы екені шындық. Белгілі бір орталықтардың алдында сол мекеме қызметкерлеріне арналған көлік тұрақтары болмаса, көпшілікке арналып жасалған автотұрақтар көп жерлерде әлі қарастырылмаған. Жүргізушілердің кептелісте тұрғаны аздай, барған жерінде көлігін қоярға жер таппай жатқан көлік жүргізушілер үшін автотұрақ мәселесі «жығылғанға жұдырық» болғандай…
Қала басшылығы көлік иелерінің кез келген жерді автотұрақ жасап алып, еркін «қонақтауына» мұрша бермей отыр. Бұл біріншіден, жол қозғалысының қиындауына жол бермеу болса, екіншіден, темір тұлпар иелері сағаттап кептелісте тұрғанша қоғамдық көліктің пайдасын көруге ынталана ма деген ой. Алайда, көлік мінбесе көңілі көншімейтіндер бұған онша мән бермей келеді. Салдарынан көлік көбеймесе, азаяр емес. Сол себепті тығырыққа тірелген автотұрақ мәселесі әлі шешімін таба алмай келеді. Бүгінде Алматының қай көшесімен жүрсеңіз де, жолдың екі жағына сымға тізілген қарлығаштардай қаптаған көлікті көресіз. Бұлар біріншіден, жолдың аясын тарылтып тұрса, екіншіден, жол қозғалысын қиындатып, кептелістің орын алуына себеп болуда. Сондықтан мәселені оңтайлы шешу мақсатында қалада автотұрақтар салудың маңызы зор. Көпшілігіміз автотұрақ мәселесі неге ертерек қозғалмаған деп ойлауымыз мүмкін. Өйткені, мыңжылдық тарихы бар Алматының көшелері кеңес дәуірінде салынғандықтан, шаһар жолдарына мұндай көлік өсімі ескерілмеген. Сол себепті бізде көлік тұрақтайтын орын жоқтың қасы. Бірақ, біз көлік нөпірін енді азайта алмайтынымыз анық. Сондықтан қала халқына жағдай жасаудың оңтайлы жолын қарастыру үшін ақылы автотұрақтар салу керек деп ойлаймын.
Бұл мәселе дамыған елдерде қалай шешілген? Олардың тәжірибесіне көз жүгіртсек, біздің қазір бас қатырып жүрген мәселемізді шетелдіктер әлдеқашан шешіп алған. Негізінен, шет елде барлық көлік тұрақтары ақылы. Дегенмен, ақысыз автотұрақты пайдалануға арнайы күндер де қарастырылған. Мәселен, Сингапурде көлік иесі темір тұлпарын үйінің ішіне қалдырып кетеді. Өйткені көпқабатты үйлерде арнайы көлікке арналған орындар болатын көрінеді. Егер Парижге барсаңыз, тамыз айында автотұраққа ақы төлемейсіз. Ал Барселонада түскі демалыс кезінде көлік тұрағы тегін.
Сонымен, Алматыдағы автотұрақ мәселесін қалвй шеше аламыз? Ең алдымен, автотұрақ санын көбейту керек. Ол үшін шетелдік мамандардың тәжірибелерін негізге ала отырып, көшелерге көпқабатты автотұрақ салуды ойластырған жөн. Екіншіден, арнайы жобаның болуы міндетті. Бұл жоба көлік мәселелерін шешуді реттейтін басқарма басшылары мен сала мамандарының жіті қадағалауы нәтижесінде жүзеге асса… Бұған қоса, қаладағы көлік жүргізушілері арасында әлеуметтік сауалнама жүргізіліп, олардың да ой-пікірлері мен ұсыныстарын білудің де артықтығы жоқ.
Сонда Алматыдағы күрмеуі қиын, күрделі іс болып тұрған автотұрақ мәселесі шешімін табар деген үміттеміз.
Алинура САХАНОВА
"Тұран" университеті, 3-курс студенті
Comments