АДАМ БА ӘЛДЕ ЗАМАН БА?
- TURAN UNIVERSITY

- 26 сент. 2019 г.
- 1 мин. чтения

Заман өзгерді ме әлде адам өзгерді ме? Бұл сұрақ бәлкім жүз, тіпті мың жыл бұрын қозғалған шығар. Барлығы күрсініп заман өзгеруде деп айтады. Бірақ та заман емес адам өзгерген. Заман өзгеретіндей күннің батыстан шығып, шығысқа батқанын көрдіңіз бе? Әлде таңертең түн болғанын, түнде күн шыққанын көргеніңіз бар ма? Әрине жоқ. Әлемді өзгертіп жатқан мына өзімізбіз. Байқасаңыз адамдар қазір мүлдем басқаша. Мейірімділік, жанашырлық, адамгершілік осы сынды қасиеттеріміз жоғалып бара жатқан сынды. Бір-біріне сенбеушілік, күмәндану, әр ісіңнен бәле теріп, сені қалай құздан құлатсам екен деп тұратын адамдар көбейіп келе жатқандай. Адам бойындағы қасиеттерді қозғамай тұрып, істерінің де өзгергенін байқайсың. Мысалға айтатын болсақ, қыздар мен ұлдардың орны ауысып кеткендей, әкесі баласынан қорқатын, келінге келін болатын, үлкенді сыйламайтын, тіл алмай керісінше сөз қайтаратын адамдар көп. Адам өзгермегенде не өзгерген енді? Кітап оқып отырған адамды көрсе таң қалып, бір жаңалық ашқандай соны суретке түсіріп желіге салып мазақ қылады. Әр ісін, жасаған жақсылықтарын, не ішіп не жегеніне дейін желіге салып, халыққа жария қылады. Осыған қарап тұрып, адамдардың бойында мақтаншақтық қасиет басым екенін түсінесің. Бір-бірімен жарысып, таласқа түсіп, кеуделерін керіп, болмайтын затқа мақтанатын заман екен. Әрине бес саусақ бірдей емес. Мына толқыны көп заманда әлі күнге дейін жүрегі иманға толы, мейірімді адамдар бар. Мейлі адам қанша өзгерсін, тіпті заман өзгерсін, не болсада бойымыздағы адамгершілік қасиетімізді сақтайық. Барлығы өзгерседе сіз өзгермеңіз. Жүрегіміз иманға толы болсын!
Перизат АБДРАЛИНА
"Тұран" университеті, 3 курс студенті.




Комментарии