Адамгершілік — бұл рухани тәрбие. Адамгершілік ‒ адам бойындағы ең қымбат қасиет және адамзат баласының ең жоғарғы мақсатына бағытталады. Бұл қасиет адамды мейірімділікке, Отанын, елін, отбасын сүюге үйретеді. Егер адамда адамгершілік қасиет болмаса, ол адам өз-өзін сыйламайды. Рухани-адамгершілік тәрбиесі ‒ өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлерімен келістірілетін моральдік қасиеттерін және бағдарларын қалыптастыруды болжайды. Оқушыларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу – бүгінгі қажетті, кезек күттірмес мәселе. Негізгі міндет – балалардың жақсы әдет, мінез-құлықын қалыптастыру. Баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі жан дүниесін ояту нәтижесінде оның рухани-адамгершілік қасиеттері қалыптасады. Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа ‒ адамгершілік-рухани тәрбие беру. «Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата-ана үлгісі» ‒ деп, Ы. Алтынсарин атамыз айтқандай, құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру баланың туылған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады. Рухани-адамгершілік тәрбие ‒ екі жақты процесс. Адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу күнделікті өмірде, үлкендердің қолдан келетін жұмысты ұйымдастыру барысында, ойын және оқу ісінде жоспарлы түрде іске асады. Рухани-адамгершілік білім беру – жас ұрпақтың бойына өмірдің мәні, сүйіспеншілік, бақыт, сыйластық, татулық, бірлік, төзімділік сынды құндылықтарды дарыту арқылы адамның қоғамда өз орнын табуына, қабілет-дарынының ашыла түсуіне, ақыл-парасатын дамытуына, яғни сәнді де мәнді өмір сүруіне қызмет етеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші бала тәрбиелеудегі осындай міндеттерді іске асырушылар – мектепке дейінгі мекемелер мен отбасы. Осы екі арнада жүргізілетін тәлім-тәрбие сабақтаса, ұштаса өткізілгенде ғана көздеген мақсат нәтижелі болары сөзсіз. Бүгінгі жаңа қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген, бойында ұлттық сана, ұлттық психология қалыптасқан ертеңгі қоғам иегері боларлық парасатты азамат тәрбиелеп өсіру – отбасының, балабақшаның, барша халықтың міндеті. Адамгершілік тәрбиенің, адам бойында осы жақсы қасиеттердің болуы ‒ жанұяға, өскен ортасына байланысты. Бала ісінің дұрыс екенін қоштап, оң бағыт беріп, теріс жерін дереу жөндеп, демеп жіберу ата-анаға жүктелер міндет. «Адам бойында жақсы қасиеттер көп болса, оған бақ та, бақытта қонады» деген сөзге сүйенсек, жағымсыз қылық-қасиеттер болса одан арылту қажет. Көптеген қайырымды істер жасап, жақсы мінез-құлықтарды өн бойыңа жинап, ақылдылық танытсаң, міне адамшылдық болғаны. Қорыта келгенде, уақыт талабынан туындап, білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер баланы тәрбиелеу осы заман талабына сай үйлесімді деңгейді қайта құруды міндеттейді. Тәрбие мен оқу егіз деген сөз бар. «Тәрбие бар жерде ғана сапалы білім, саналы ұрпақ болады» деген дана халқымыздың мақал сөзіне сүйенеміз.
Анель ӘНУАРБЕК
«Тұран» университеті, 3-курс студенті
Comentários