Бүгінгі қоғамда еңбек етіп, маңдай терімен табыс тапқаннан гөрі "дайын асқа тік қасық" болып, оңай олжаға кенелгенді қалайтындары аз емес. Әрине, жаппай жамандаудан аулақпыз. Алайда, қазіргі таңда жастар арасында да, ересектер арасында да белең алып тұрған қатерлі мәселелердің бірі - құмар ойындар.
Құмар ойындарының сан алуан түрі бар. Бір ғана Алматы қаласының өзінде құмар ойындарының бірнеше түрін бір жерге жинаған ойынханалардан көз сүрінерлік.
Құмар ойын құлағынан айырған
Құмар ойындарының ішінде ересектер жағы "Казино" сияқты ойынханаларға көп барады. Яғни аталмыш жерден жастарға қарағанда ес тоқтатып елуді еңсерген ел ағаларын көп ұшыратасыз. Бұл ойынның қызығына бір кірген адам одан оңайлықпен бас тарта алмайтын хәлге жетіп, нәпсінің құлына айналып, соңы жағымсыз жағдайлармен аяқталған оқиғалар аз емес. Соның бірі 1992 жылы Алматы қаласында бір азамат өз құлағын да кепілге қойып, соңында құлағын кесіп беруге мәжбүр болған, сонымен қатар құмары қанбай, ұтыла бергендіктен денесінің 200 гр. етін де ұтысқа тіккен, соңы жеңіліске ұшырап, тәнін пышаққа тілгізумен аяқталған оқиғалар да болған. Одан бергі кезде ойыннан ұтылып, ақшасы қалмаған бір азамат аманатқа алған әйелін бәске қояды. Сондағы ойы "ұтамын ба" деген арзан үміт. Нәтижесінде жеңіліп, келесі тарап әйелін алып кеткен, содан кейін әйелі ізім-ғайым жоғалған, одан бері бірнеше жыл өтсе де, әлі күнге дерек табылмаған. Ел арасында мұндай оқиғалар көптеп кездеседі, әйтсе де "жаманнан – жирен" дегендей, осындай оқиғаларды көре тұра, біле тұра басын бәйгеге тігіп, былыққа бататын бауырларымыздың саны сиремей тұр.
Отыңды өшіреді ойынхана
Отыңды өшіріп, ошағыңның ойрандалуына әкеп соқтыратын мұндай апатқа орта буын өкілдері де душар болған. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, орта буын өкілдерінің басым бөлігі қаланың кез келген бұрышынан, тіпті дүңгіршектерден де табуға болатын ойын автоматтарына барады. Бір рет қана жеңіс дәмін татқызып, ары қарай жеңісті көзінен бұлбұлдай ұшыратын мұндай ойындар, ойнаған адамның түбіне жетпей қоймайды. Бірде, ауылдан келген ағамыз қаладағы бір дүкеннің ішінде ер адамдардың бір ойын құрылғысына үймелеп, ойнап тұрған жеріне кез келіп, сырттай біраз бақылайды. Ұтқан мен ұтылғанға да куә болған ағамыз, ел аяғы сирегенде өзі де ойнап көруге шешім қабылдайды. Әлгі кісі ойын қызығына кіріп, біраз уақыттың өтіп кеткенін де байқамай қалады. Соңында ауылдан келген аңғал аға бір күннің ішінде қарызға батып, үйіндегі алты сиырын сатып, итшілеп жүріп құтылған екен. Сөйтіп, отызында орда бұза алмаған азаматтар, құмар ойынның құрығына түсіп, құздан құлап кетіп жатқан жайы бар.
Балаң "Букмекерге" барып жүрмесін
Үлкенге де, кішіге де абырой әпермейтін бұл ойын қоғамның тамырына шабылған балта іспеттес. Бүгін сізді меңдеген дерт ертең балаңызға жұқпасына кім кепіл?
Жастар арасында өршіп тұрған бұл дертке букмекерлік кеңселерді де жатқызуға болады. Бұл кеңселерді тұрақты төңіректейтіндер – негізінен 14-29 жас аралығындағылар. Олардың жартысы 15-20 жас арасындағы жас жеткіншектер. Бұл жастағы балалардың ата-аналары ұл-қызының қажеттілігіне деп берген қаржының қайда жұмсалып жатқанынан хабарсыз. Букмекерлік кеңсе қызметкерлерінің айтуынша, бұл жерде ұтатын адамдар саусақпен санарлық. Олардың өзі 25-тен асқан кәнігі ойыншылар. Ал жоғарыдағы жас жеткіншектер қалталарын қағып шығатынын біліп тұрса да, нәпсі қалауынан аса алмай, оңай олжаға кенелгісі келіп соңғы тиынына дейін бәске тігіп, соңында қарызға батып жүретін көрінеді.
Осыдан 3-4 жыл бұрын аталмыш кеңселерге тек ерлер қауымы баратын болса, қазір мұндай жерлерден қаракөздеріміздің де қарасын көруге болады.
Аталмыш ойын ордаларының бәрі емес, кейбірі ғана үкіметке салық төлейді, онда да теңіздің тамшысындай ғана. Ойлап қарасаңыз, олар ауадан ақша табу үшін ашылған мекемелер. Ал, біз еліміздің өркендеуіне емес, ойын ошақтарының ауадан ақша жасауына белсенді түрде үлес қосудамыз.
Бүгінгі күні белең алған бұл дерт балаңның бойына дарыса, тамырыңа шабылған балта осы деп біл, бауырым!
Бүгін бар, ертең жоқ
Бұл ойынның қызығына беріліп, шыға алмай жүрген жандарға дұрыс емес екенін айтып, бармағаны абзал екенін түсіндірсең: "Неге, қара аспанды төндіре бересіңдер? Бір күні ұтамын, көр де тұр!" – деп шатынап шығатындарымен қоса, "Күйрегенді ғана, ұтылғанды ғана айтасыңдар. Пәленшенің баласы осыдан ұтып алып, қаланың қақ ортасынан үй алды емес пе?",-деп жүзтаныс біреуді алға тарта жөнеледі.
Иә, бір күні болмаса бір күні ұтарсың. Бірақ ол – сені тұзағына түсіруді ойлаған букмекер әлемінің алдамшы айласы ғана. Және шайтанның уәсуәсі 100 рет ұтылғаныңды емес, бір рет ұтқаныңды есіңе салып тұрады.
Көлдің - тақырға айналуы оңай,
Байдың - пақырға айналуы оңай,-деп жазушы Шерхан Мұртаза айтпақшы, бар байлығынан бір сәтте айырылып жатқандар қаншама?
«Байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздер болар».
Әлихан Бөкейханов
Адам баласы мақсат-мұратына жетер жолды ойынханалардан емес, еңбек етіп іздесе, нәтижеге қол жеткізетіні анық. Олай болмаған жағдайда, Алланың ашуын келтіріп, өзімізге тиесілі ризық-несібемізден де қағылуымыз бек мүмкін.
"Ей, иманға келгендер! Анығында мас қылатын ішімдіктер және құмар ойындары /майсир/... – жиіркенішті нәрселер, шайтанның ісінен. Мұраттарыңа жету үшін оған жоламаңдар." ("Мәидә" сүресі, 90-аят).
Бір күні ұтамын деп, бірнеше айлық азық болар табысыңды көкке ұшырғанша, сол ақшаға кішігірім кәсіп бастасаңыз, Алла берекесін беріп, бай-бақуатты болуыңыз әбден мүмкін. Бар ғылымның бастау алар қайнар бұлағы саналатын исламның тура жолымен жүріп, дүниеге құл болып, құлшылықтан қағылмай, Алладан ғана алақан жайып сұрасақ, екі бүйіріміз шығатыны мәлім.
... Қиямет күні сөз таппай тұралағанда
Рахым күтсең Алладан,
Жұмадан қалма.
Ертегі емес ешқандай, ертеңің үшін
Тура жол көрсетіп тұр ғой Құран адамға...
Жұматай Оспанұлы
Иә, адам баласын ізгі жолға жетелейтін қасиетті кітапта барлығы да анық, әрі айқын жазылған. Құранның бетін аштырмай, құмарға жетелейтін шайтанның жетегіне ерсек, ертеңіміз бұлыңғыр болып, Алладан алшақтап кетуіміз мүмкін.
Әуелден-ақ, Алланы еске алу мен намазды толық орындаудан тосуды қалайтын шайтан, құмар ойындары арқылы біздің күнәларымызды арттыруды мақсат еткен. "Негізінен, шайтан ... құмар ойындар арқылы араларыңа дұшпандық салып, сендерді Аллаһты еске алудан және намазды /барлық шарттарды сақтап, беріле/толық орындаудан тосуды қалайды. Енді тыйыларсыңдар?!". ("Мәидә" сүресі, 91-аят).
P.S: Нәпсінің қалауына еріп, құмарыңның құлы болғанша, еңбекпен нан тауып, Жаратушыға жалбарынып екі дүниеде де жайлы ғұмыр кешіңіз!
Гульфару ТӨЛЕН
Comments