Бойымызды жайлаған дерттің басым көпшілігі дұрыс тамақтанбаудан екенін көбіміз біле бермейміз. Білсек те білмегендей, көзді жұма саламыз. Барлығына ат үсті қарап, көзге көрінген дәмді тағамдармен асығыс- үсігіс тамақтанып жүре береміз. Соның ішінде "жүгіріп жүріп қоректену" аталып кеткен фастфуд тағамдары әлемдік нарықты жаулағаны айқын. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін бұл тағам түрін жаны сүйеді. Қолда бармен дәмді ас жасауға еріншектігіміз оянып, фастфуд өнімдеріне тапсырыс беріп жатамыз. Көз сүйсіндірер жарнамаларымен еліктіре әкетіп, бір кезде қалай фастфуд мейрамханаларында отырғанымызды өзіміз ұқпай қаламыз. Алайда, бұл тағам түрлеріне деген қызығушылығымыз ертеңгі күні денсаулығымыздағы кінәрәт себебі болуы әбден мүмкін. Мұндай тағам түрлерінде дәрумендер болмайды, есесіне калориясы жоғары. Сол себепті де, адам бойында әлсіздік, семіздік пайда болады.
Диетолог мамандардың айтуынша, "қауіпті" саналатын тағам түрі тәтті газды сусындар екен. Шөліңді қандырмай, қайта шөлдетіп, ішуге мәжбүрлейтін бұл сусындар құрамында қант шектен тыс көп. Үлкен-кіші құмарлана ішетін бір стакан коланың өзінде 5 шай қасық қант болса, ал бір литр колада 25 шай қасық қант болады екен.
Статистика бойынша, фастфуд өнімдерінің басты тұтынушылары болып табылатын АҚШ халқының 60%-ы семіздіктен зардап шегуде. Бұл жағдай барлығымызда орын алуы ғажап емес. Сондықтан, денсаулықты қазірден ойлап, барынша үй тағамдарымен ауқаттанған абзал.
Дина Максотова
Komentar