Қазіргі таңда көгілдір экраннан қазақша кинотуындылар көптеп көрсетіліп жатыр. Кинотеатрлардың өзінде қазақша премьералар апта сайын өткізіліп тұрады. Әрбір туынды бір ой тастайды. Ал кино адамдардың жүрегіне жетіп, қандай да бір ой тастайтын болса, бұның өзі үлкен жетістік.
Иә, қазақ тіліндегі отандық сериалдарымыз көбейіп келеді. Жақында ғана «Хабар» арнасына шыққан «Келінжан» сериалын басынан бастап, аяғына дейін үзбей көрдім. Ауылдағы тіршілікті баяндайды. Отбасылық құндылықтарды өзекті мәселе етіп көтере білген. Жақын адамыңды қалай қадірлей білуді айтады. Сериал маған қоңыр тіршілігі бар әдемі ауыл атмосферасын, көңілді жандардың өмірге құштарлығын сезіндірді.
Меніңше, осындай сериалдар да адамды тәрбиелейді. Кейбір эпизодтары мұңайтады, кей сериалдары адамға мотивация береді.
Рас, қазақша барлық сериал сәтті деп айта алмайсың. Өнер, кино маманы болмасақ та, қарапайым көрермен ретінде олқы түсіп жатқан тұстарын да байқап отырамыз. Кейбір эпизодтар қарабайыр болып жатады. Бәлкім, қаражат жағынан жетіспеушілік болған шығар.
Бүгінгі таңда телеарналарымызды үндінің, түріктің, кәрістің телесериалдары жаулап алған. Біздің отандық кинотуындыларымыз да шет елдің телеарналарын дәл солай жаулап алса, сұраныс мықты болса ғой деп армандаймын. Ол күнге де жетерміз, бәлкім.
Ақбота ҚОЖАЕВА
«Тұран» университеті, 3-курс студенті
Comments