Кітап оқудың пайдасы мол екендігіне, әрине, дауа жоқ. Жақсы кітап - адамның білім деңгейін арттырады, ішкі жан дүниесін рухани байытады, сондай- ақ денсаулық жағынан келер болсақ есте сақтау қабілетін арттыруға септігін тигізеді. Кітап оқи келе сөздік қоры көбейіп, өз пікірін еркін түрде жеткізе алады. Классика жанрындағы бір кітап оқыса, ойын мүлдем жеткізе алмайтын адамның өзі де сөз сөйлеудің хас шеберіндей- ақ дәрежеге жетеді. Айта кетерлік тағы бір дүние кітапты жай оқып қана қоймай, тереңінен түсініп, іштей талдап, саралап, өз өмір тәжірбиеңмен ұштастыру керек. Солай ғана қатеңді түзетіп, сабақ алсаң , болашақта бір басқан отыңды қайта баспайтын боласың.
Ғалымдардың айтуы бойынша кітап адам өмірін 2 жылға ұзартады екен. Себебі кітап оқу процесінде ми жасушалары арасындағы байланыс күшейе түседі. Ал бұл нейродегенеративті аурулардың алдын алады. Сонымен қатар, ұйқысыздықты жеңу үшін де кітап оқыған абзал. Қазір қалың көпшілік жатар алдында түрлі гаджеттерді пайдаланады. Гаджеттерден бөлінетін ультрофиолет жарығы ұйқы гармонының шығу қабілетін әлсіретеді. Ал керісінше кітап ұйқы шақырады екен. Көңіл - күй болмаған сәтте де адам кітап оқыса, сәл де болса уайымнан арылып, жана рахатына бөленуіне болады.
Түркі халықтарының ұлы ойшылы Науаи кітапқа қатысты: " Кітап - ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына" деген екен. Расымен, қай ғасырда болмасын кітаптың алатын орны бөлек. Қаншама технология дәуірі дәуірлеп келе жатса да білімнің негізі кітапта екендігін ұмытпауымыз керек. Оқыған адам жерде қалмас. Кітап адам талғамайды. Яғни, адамды ақшасына, тұрмыстық жағдайына, ұлты мен нәсіліне бөлмейді, барлығына бірдей әсер береді. Сондықтан, барлығымыз кітап оқиық, рухани азық жинайық, өз өзімізді дамытуды қолға алайық!
Жанерке НУРҒАЛИ
Тұран университеті
3-курс студенті.
Comments