top of page
Фото автораTURAN UNIVERSITY

БАСШЫЛЫҚТЫҢ ЕРТЕҢІ НЕГЕ БІТПЕЙДІ?


Жаз келіп күн жылысымен Қазақстанның барлық қалаларында жол қазу мәселесі жыл сайынғы дәстүрге айналғандай. Ауыз суы, кәріз жүйесі (канализация), жаңбыр суы жүретін құбырлар т.б. себептермен қазулы жолдар бүгінде саны Алматы қаласында да аз емес. Әрине, жөндеу жұмыстарының пайдасы бар. Десе де ертеңі бітпес жұмысшылар кадрының жұмысты өз уақытында бітірмеуі қала тұрғындарының наразылығын тудыруда. Құрылыс объектісінің құжаты аяқталуы тиіс күнді нақты көрсеткенімен, «ауру қалса да, әдет қалмайдының» кейіпіндегі басшылық сол баяғы уәде берумен келеді.



Осы тұста Алматы қаласы Алатау ауданы Самғау ықшам ауданындағы көшелерді тілге тиек еткім келеді. Үш ай бойы қазбаланған жолдар міне күз келді, әлі де сол қалпында. Соңғы күндері жауған жаңбыр жағдайды одан сайын қиындата түсті. Тұрғындардың наразылығы артпаса, азаяр емес. Күнделікті үйлеріне кіріп шығар жолдардың жөндеуге жабылуы көліктің кіруіне мүмкіндік бермегендіктен, тұрғындар көліктерін көше бойына тастауға мәжбүр. Қараусыз қалған көліктерінің жағдайына уайымдайтындарын да айтып жатады. Тіпті, көше бойымен жаяу жүріп өту бір ақырет. Оқу жылының басталуымен оқушылар мен студенттердің де барыс-келісі көбейді. Ата-аналар біріншіден қазылған шұңқырға балаларының түсіп кетуіне алаңдаса, екінші жағынан лай суға, балшыққа толы көше аяқ-киімді ластайтыны тағы бар. Аяққа салафан пакеттерін киіп қамданып шығатын жұртшылықтың наразылықтарын айтатын ауыз көп болғанымен, тыңдарға құлап таппай әлі әлек.



Көп сұрақтың жауабын алу мақсатында ықшам аудан тұрғындарынан да сауал алуды жөн көрдік. Телқоңыр көшесінің соңында тұратын Бауыржан Исаұлы: «Бұл көше осыдан 1 жыл бұрын дәл осылай қазылған. Ол кезде кәріз жүйесін жүргіздік деді. Биыл тағы сол проблема. Енді су және жаңбыр суы жүретін құбыр жүргізіп жатыр-мыс. Жұмысқа, балалардың сабаққа барып-келуі қиындап кетті. 10-15 минут жаяу көлікке қарай балшыққа батып барамыз. Таңертеңгі қарбаласты көрсеңіздер тіптен шошып қаларсыздар», - деп ағынан жарылды.



Ия, өз көзімізбен көріп куә болған бұл жер қазу мәселесі расында да бітпестей. Жайбасар жұмысшылар ма, әлде бітірерге бөлінген қаражаттың басын таппай жүрген басшылықтың әуресі ме? Десе де қадірлі халықтың жан айқайы бар, ендігі кезекте байсалды басшылардың байыпты шешімі болса игі!


Ақерке САБЫРҚЫЗЫ

"Тұран" университеті, 3-курс студенті

7 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


Пост: Blog2_Post
bottom of page