Ақпараттық соғыс жүріп жатқан мына әлемде барлық ақпарат оқырман қауымға арналып жазылып, оқырман назарына түрліше ұсынылуда. Тыңдаушы аудитория үшін ақпарат алудың жолдары өте көп. Үйде отырып оқығыңыз келмесе, жатып алып көруге, уақытыңыз тапшы болса, жолда жүріп тыңдауға толық мүмкіндігіңіз бар.
Мектеп жасындағы баладан бастап, еңкейген қартқа дейін күнделікті ақпарат алып отыру- маңызды процесс. Газет-журнал оқу тек күнделікті жаңалықтардан хабардар болу ғана емес, өз ұлтының бүгіні мен өткенінен және болашағынан хабардар болу, ой өрістің кеңеюі. Десек те, бүгінгі таңда оқимын деген балаға ағылып жатқан ақпарат өте көп, оған қоса ғаламтор бар. Қайсысын таңдамақ керек? Жастардың ақпараттық мәдениетінің төмендеп бара жатқаны көңіл қынжылтарлық құбылыс. Олардың газет- журналдан қол үзіп қалуына не себеп?
Ең алдымен газет- журналға деген қызығушылықтың азаюына ғаламтордың қосқан үлесі зор. Компьютердің алдына отыра қалып немесе қолыңыздағы ұялы телефонның тетігін басып қалсаңыз болғаны, іздегеніңізді сұрамай-ақ табасыз. Әп сәтте табыла қалған ақпаратты қуана-қуана оқитынымыз белгілі. Әйтсе де, ғаламторда ақпаратты саралап таңдап, сараптап оқып, қажеті мен қажетсізінің ара жігін ажырата алу қажет.
Оқырманның газет-журналдан қол үзіп қалуының тағы бір себебі – жарнама. Иә, бүгінде жарнаманың дәуірі жүріп-ақ тұр. Теледидар мен ғаламтордарда, көше бойындағы алып плакаттар мен экрандарда толып тұрған жарнаманы енді газет-журнал беттерінде жарнамалаудың қажеті қанша?
Алаш арыстандарының бірі Ахмет Байтұрсынұлы «Газет-халықтың көзі,құлағы һәм тілі»- дейді. Демек, газет халықтың қияндағыны көрер көзі,шалғайдағы естір құлағы, шындықты айтар өткір тілі. Қашан да жаңалықтың жаршысы, тәрбиенің бұлағы, өнегенің мектебі бола білген газет-журналдарымыз қазір де аудиторияны жаулап, оқырманды баурап алатындай болуы тиіс.
Қыж-қыж қайнаған дүниенің жаңалығына, оқырманға ой салар мақалалар мен өнегемен өрілген өлеңдерге толы газет-журнал болса, оқитын оқырман табылары сөзсіз.
Айжан НҰРТАЗА
Comments