top of page
Фото автораTURAN UNIVERSITY

БУЫЛМАҒАН, ӨРІЛМЕГЕН, ЖАЛБЫРАҒАН ШАШТАР-АЙ!..


СӘРСЕНБІНІҢ СӘТТІ КҮНІНДЕ ӘДЕТТЕГІ УАҚЫТТА СӨМКЕМДІ АСЫНЫП, САБАҚҚА ШЫҚТЫМ. ҮЙДЕН СӘЛ КЕШІГІП ШЫҚҚАНДЫҚТАН, АЛДЫ-АРТЫМА ҚАРАМАЙ АЯЛДАМАҒА ЖЕТУГЕ АСЫҚТЫМ. КҮТКЕН АВТОБУСЫМ ДА ДӘЛ СОЛ МЕЗЕТТЕ КЕЛЕ ҚАЛДЫ.


Алайда, автобустың іші лық толы екен. Таңертеңгілік уақыт, бірі біз сияқты сабаққа, енді бірі жұмысқа жеткенше асық. Мен де көппен бірге қыстырылысып осы автобусқа міндім.

Есіктен кіре сала бір әжейдің адамдардың арасында қысылған күйі шөкімдей боп тұрғандығын байқадым. Қолында қоңыр сөмкесі, тағы бір кішігірім дорбалары бар көрінеді. Әлгі әжейдің неге тұрып тұрғанын білмедім. Ал айналама бір көз тастап өтсем, барлық орында кілең жастар жайғасқан екен. Бірінің құлағында жаңғырып ән ойнаған құлаққап болса, екіншілері бейне ұйқылары қанбай қалғандай, көздерін бір ашып, бір жұмып, өп-өтірік ұйықтап отыр. Тіпті, кейбірі әжейді байқамағансып, терезеден сыртқа, әлдебір нүктеге қадалып алған. Ешқайсынан үлкен кісіге орын ұсынайыншы деген ілтипат байқалмайды.

Автобусқа, көпшілік отыратын қоғамдық көлікке шаштарын жайып кіретін қыздарды айтсаңызшы! Буылмаған, түйілмеген, өрілмеген шаштар өзгелердің бетін жауып, ауыздарына кіріп дегендей, әбден мазасын алып тұр. Аузындағы сағызын шар ғып үре тарсылдатып тұрған бір бойжеткеннің іс-әрекеті де көзге қораш көрінді.

Қыздар, жігіттер, қоғамдық көлікте әрдайым сергек болайық дегім келеді. Біз де ертең сол ата-әжелердің жасына жетеміз ғой, сонда бізді жастар сыйласын десек, бүгін біз оларды құрметтей білейік. Үлкендердің батасын алып жүрсек, жаман болмаспыз деп ойлаймын.



Құралай ЖАНДАРБЕКОВА,

«Тұран» университеті Журналистика мамандығының

2-курс студенті.

37 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


Пост: Blog2_Post
bottom of page