Заманына қарай адамы демекші, заманына қарай мақал құған ел арасында «Қарызды берген емес, алған батыр» деген ащы шындықты арқалаған әзіл мысқылдар туған-ды. Ой елегіне салып қарасақ, расында да дәл солай. Бұл жерде әңгіме несие жайында болмақ. Несиеге бас сұққан адамға қарап тұрсақ, исі қазақтың бәрі «батыр» дерсің. Кейде біздер үшін ересек өмірге аяқ басу мен банктен несие алу ара-жігі ажырамас дүние іспетті. Тал бесік пен жер бесік арасындағы таусылмас тойдан бөлек көлік, баспана, одан қалса соңғы үлгідегі ұялы телефон алу үшін қарызға бату қазақтың ғана тағдыры секілді. Ал енді қызық-думан біткеннен кейінгі ұзақ жылдарды алған қарызды жабуға арнаймыз. Әйтсе де, қанға сіңіп мойын сұнғандай көніп қазірге дейін өмір сүріп келеміз.
Еліміздің азаматтары несие алу арқылы жағдайларын жақсы жаққа түзетуге тырыспақ деуге толық негіз бар. Неге десеңіз, Қазақстанда саналы түрде шешім қабылдай алатын 9,6 миллион ересек адам болса, оның 7,3 миллионы екінші деңгейлі банктерден несие алған. Республика халқы саны 18 миллион болғанымен, оның үштен бірі жұмыс істеуге қауқарсыз. Ал қарызын 3 ай уақыттан бері төлей алмай жүргендердің саны 1,1 миллионды құрайды. Бұл әрине қуанарлық жай емес. Десе де, банктердің жоғарғы пайыздағы несиесі мен алған адамның қаржыны мақсатсыз жұмсауы да осындай жағдайға әкеліп отырғаны мәлім.
«Қарыз ал да, қатын алдың» күйін кешкен қазақ қай заманда да тойға шашылған халық. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ел тұрғындарының басым бөлігі кредитті той жасау үшін алады. Осы тұста танымал мақалымыз әдемі жалғасын тапқандай: «Қарыз ал да, қатын ал, қатының қалар жаныңда». Бүгінде несиесіз тойланатын тойлар саусақпен санарлық. Миллиондаған қаражатқа жасалатын думанның шығыны кез келген адамның қалтасын қағып ғана қоймай, берешекке белшесінен батыратыны тағы бар. Оның үстіне жаңа ғана отау көтеріп, бұғанасы қатпаған жас жұбайлар үшін ай сайын қарыз төлеу - тойдан кейінгі басты әрі бас ауыртар шаруа.
Баспана мәселесінде ауыл мен қала тұрғындарының барлығы дерлік банкке жүгінетіні рас. Ауылда тұратын қазақтар жер сатып алып, одан әрі үй салудың қарекетін жасайды. Ал қалалық қандастарымыздың түн ұйқысын төрт бөлген «тентегі» – ипотека. Біріншісіне қарағанда ипотеканың бас ауруы қатты. Өмірінің 20-30 жылын шарасыз қарыз қайтаруға арнайтын халық қаһармандарының хәлі қандай қиын десеңізші?!
Соңғы жылдары кәсіпкерлікті қолдау мақсатындағы бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Соған сай екінші деңгейлі банк мекемелерінен несие алушылардың да қарасы қалыңдай түскен. Себеп, мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіп ашушыларға көрсетілетін көмектің ауқымдылығы болса керек. Нәтижесінде кәсіпкер өзінен бөлек бірнеше адамды жұмыспен қамтып, мемлекет пен қаржылай қолдау көрсеткен банктерге алғысын жаудырып кетуде. Ал енді мұндай «батырлардың» бары көңіл қуантады. Дегенмен, тасы өрге емес, жерге домалап, сан соғып қалып жатқандар жоқ деуден де аулақпыз.
«Берген қарыз – беделіңді, қайтқан қарыз мерейіңді өсіреді». Мерейдің деңгейін айтпағанның өзінде, қарызды өтемеудің зардаптары қаншама? Той шығынын қайтара алмау салдарынан көптеген жастардың шаңырағы шайқалып, қарыздың қиындықтарына шыдамай, «қайғы-қуаныштарды бөлек көрейік» – деп ат құйрығын кескендердің өзі бір төбе. Ипотекаға алған үйін 5-10 жыл төлеп келіп, қаржы тапшылығынан баспанасын босатып, тентіреп кеткендер де қаншама. Оларға жылдар бойы төлеп келген ақшасының қайтуы да екіталай емес пе?! Көлік несиесі де осыған ұқсас. Жолы болмаған кәсіпкерлердің де басынан ешкім сипамасы анық. Кепілге қойылған дүниесі тәркіленіп, несие тарихының бұзылатыны тағы бар.
Қазақ десең өзіңе тиетіні де бар. Сол бір банк несие беруді мақұлдап ақшаны қолға ұстатқанда тегін бергендей мәз болып, соңында осындай кейіпке тап болатынымызды берген күні іштей түсініп, алдын ала жай-күйді болжап бақсақ қой. Ия, көпке топырақ шашудан аулақпын. Ойыңызға келген пайдалы істің бастамасы несие болатынына сеніміңіз бен жоспарыңыз келісіп тұрса мархабат.
АҚЕРКЕ САБЫРҚЫЗЫ
Comments