Қоғамды зерттеу, оның болмысын айқындау өте күрделі мәселе. Қазіргі қоғам бейнесі – құрылымы мен ондағы іс-әрекеттер күнде жаңарып отыратын оқиғалар, жиі қайталанатын қателіктер мен шешілмеген қиындықтар. Әрине, көгілдір экранда көрсетілетін мінсіз қоғам бейнесінен айырмашылығы жер мен көктей, дегенмен, басқа таяқ тимей тұрып, көк жәшіктердің де ақиқат айтар күні туар деп үміттенейік.
Шын мәнінде бүгінгі қоғам көрінісі қандай? Егер санамызда қалыптасып қалған «идеалды қоғам» бейнесін сызып тастар болсақ, нақты жауап беру қиынға соғары хақ. Бүгінгі қоғамның бет-бейнесін ашып, шындығын айтар болсақ, сонау «тіршілік үшін күрес» заманына оралғандай боламыз. XXI ғасыр – технологиялардың заманы, цифрландырылған кезең, өмір сүру жеңілдеді деп «мәз» болып жүргенімізде тұтас қоғамның көз алдымызда қалай ұсақталып құлдырағанын байқамай да қалдық. Алысқа бармай-ақ өз елімізді алып қарасақ та, ашына жазамыз . Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін ұрпақ азаюда. Салт-дәстүрін сақтамай, ата жолдан аттаған арсыздар қоғамына айналып бара жатқандай. Дәл қазір елімізді ел етіп тұрған тіліміз бен ұлттық рух-санамыз. Егер осылардан айырылсақ, егемендігіміз де, ерлігіміз бен елдігіміз де елеусіз қалмақ. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, бір құмалақ бір қарын майды шірітетініндей, бір санасыздың тұтас елдің санасын уламайтынына кім кепіл? Рейтинг пен байлық қуғандардың шет елдерде рұқсат етілмеген, жабылып қалған бағдарламаларды Қазақстанның арналарына әкеліп, не болса соны көрсетуден жасқанбай шоулатып, шулатуының өзі дәлел емес пе? Көрмейін дейтін көрермен, көрсетпейік дейтін басшылар жоқ, амал нешік? Бір оқиғаны барлық арнаның жарыса айтуы, бір концерттік бағдарламаның «тізесі шыққанша» қайталанып берілуі, атағы жер жаратын танымал адамдардың кәсіби маман болмаса да бағдарлама тізгіндеуінің өзі халық санасын улау.
Қоғам көрінісін бір-екі мысалмен-ақ жеткізуге болады. Идеалистік тұрғыда, шенеуніктер мен билік басындағылардың халық алдында «бәрі керемет» деп есеп беретіндері сияқты, «халықтың жағдайы жақсы болуы»; телеарналардан ойын-сауықтық бағдарламалар мен жағымды жаңалықтардың үзбей берілетініндей «алаңдайтын ештеңе жоқтығы». Қысқасы, «өмір тамаша, сүре білген адамға» деген секілді. Ал, қиялдауды қоя тұрып шындыққа көз жүгіртсек, мұның бәрі құр сандырақ. Әлі де ашылмаған сыр, айтылмаған ақиқат жетерлік. Көп шенділер «жылы креслоға» жайғасып, ойларына келгендерін жасап жатыр. Қанша қаражат жымқырып, қанша қылмыскерлердің панасы болып отырғандарын кім білсін?! Бірақ, біз үндемейміз. Төтенше жағдай деп, техникалық немесе климатқа байланысты орын алған апаттарды жар салып хабарлайды, бірақ қолдан жасалған қастандықтар туралы ешкім айтпайды. Бұған да көз жұма қараймыз. Ал егер ойын ортаға салып, ашық айтар болса, темір торға тоғытады немесе өлім жазасына кеседі. Бұл да жасырын түрде. Қашанғы барлық былыққа көз жұмып, жылы жауып қоя береміз? Қашан сол Абай, Ахмет бабаларымыз аңсап кеткен «көзі ашық, көкірегі ояу» жандардың таңы атады? Қашан барлық таптаурындардан арылып, өз құқығымызды қорғай алатын күнге жетеміз? Қашан тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде демократиялы елге айналамаыз? Шексіз сауалдар...
Қоғамды құрайтын да, құртатын да біздер – адамдар. Демек, оның жақсы болуы да, жаман болуы да өзімізге байланысты. Іргесін мызғымас берік етіп қалап, ішін береке-бірлікке толтырсақ, нағыз өз елінің патриоттарын тәрбиелесек, қиялымыздағы қоғам шынайы қоғамға айналатын күн алыс емес.
Сейтқалиева Еркеназ Амангелдіқызы
«Журналистика» мамандығының 2-курс студенті
Comentários