XXI ғасыр дертінің тағы бірі- пластикалық ота. Кейінгі жылдары қазақстандық қыздар сұлулықты Корея мемлекетінде жасататын болған. Аталмыш елге барып, бет- пішінін өзгерту үшін пышаққа түсіп, қалтасынан қыруар қаржы жұмсап жатқандар күн санап артпаса, кемімек емес. Пластикалық ота десе көпшіліктің ойына бірден сән үшін жасалған құрбандық келеді. Дегенмен, бұл отаның адам баласына расымен-ақ үлкен көмек көрсететін кездері де жоқ емес. Әсіресе, денесінде туа біткеннен ақауы бар ерлердің болсын, қыз-келіншектердің болсын ертеңіне үміт сыйлайтын бірден бір сала осы болып табылады. Табиғи апаттардан, жол көлік апаиынан, өрттен күйік алғандардың бітіміндегі тыртықтарды пластикалық отаның көмегімен қалпына келтіруге болады. Жалпы, пластикалық операциялардың ішінде ең көп жасалатын түрі- блефаропластика .Жалпақ тілмен айтқанда, көздің үстіңгі жақтағы қабағын кестіріп, айқындап көрсету. "Еуропалық қабақ синдромы" деп аталатын отаны көбінесе Азия елдерінің қыздары жасатады. Сонымен қатар, ринопластика отасы да сұраныс жағынан қалыс қалар емес. Хирург пышағының көмегімен табиғаттан берілген мұрынның пішінін өзгертуге таптырмас мүмкіндік. Мамандардың айтуы бойынша бет- пішініне жарасымды мұрындарына көңілдері толмай, мүлдем басқа форманы қалайтын қыз- келіншектер де бар көрінеді. Бұл сән бе, әлде қажеттілік пе?! Пластикалық отаның сәтті немесе сәтсіз шығуы тікелей дәрігер мен пациенттің денсаулығына байланысты. Бұндай оталар барлық кезде бірдей сәтті аяқтала бермейді. Артық қыламын деп, тыртық қылып жатқандар өте көп. Әсіресе, өнер және сән әлемі жұлдыздарының жасандылыққа құмартуы шектен шығып, соңы жамандықпен бітіп жатады. "Сәтсіз ота құрбандары" деген кезде бірден "Versace" брендінің бас дизайнері Донателла Версачені есімізге аламыз. Әйгілі сәнбикенің келбетінен пластикалық отаның белгілерін шамамен 2002 жылдан бастап байқай аламыз. Отаға дейінгі Версаче асқан сұлулығымен көзге түспесе де, өзіне ғана тән ерекшелігі әдемілік беріп тұратын. Сол ерекшелігінің және табиғи тартымдылығының арқасында көпшіліктің арасынан бірден көзге ілігетін. Дегенмен, сән әлемінің ханшасы пластикалық хирургияның көмегімен бет- әлпетінде түрлі тәжірбие жүргізгендей. Ботокс, ринопластика, маммопластика, лифтинг, ерінді үлкейту сияқты пластикалық ота түрлері бір емес бірнеше реттен қайталынып жасалған. Операцияға дейінгі бейнесі мен кейінгі бейнесінің арасы жер мен көктей. Пластикалық ота тығырықтан шығар жалғыз жол емес. Жаратылысынан әр адам өзінше тартымды, өзінше сұлу. Әдемілікте стандарт, шек деген болмайды. Алланың берген аманатына қиянат қылған әсте дұрыс емес. Тән сұлулығынан гөрі жан сұлулығына ұмтылайық! Жүрекке иман, миға ақыл-білім, бойымызға шүкіршілік пен қанағатшылдық жинайық!
Жанерке НУРҒАЛИ
Тұран университеті
3-курс студенті.
Komentáře