«Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» демекші, қазақ халқы қыздың тәрбиесіне болашақ келін деп ерекше көңіл бөлген. Өйткені, жақсы келін бір шаңырақтың ғана емес, тұтас бір ұлттың болашағы, келер ұрпақтың тәрбиешісі. Aта-бабаларымыз ежелден келінді ұрпақ жалғастырушы жан ретінде бағалап қана қоймай, оны сол әулеттің ырысы, құт-берекесі, ұлт болашағының ұйытқысы ретінде қабылдаған. Шын мәнінде, бүгінгі келін - ертеңгі ана, ұрпақ жалғастырушысы. Ал, енді халық мақалында айтылғандай, келіннің «келсап» болмай, елгезек жақсы адам болып қалыптасуы көп жағдайда қайын ененің тәлім-тәрбиесіне байланысты. Өйткені жас келін үшін қайын ене тәлімі - маңызы зор тәрбие мектебі. Ең бастысы, қайын ене өзінің өзегін жарып шыққан ұлының жарын өз баласындай бауырына баса білуі тиіс. Жақсысын асырып, жаманын жасырып, келіннің абырой-беделін асқақтата білуі шарт. Десек те, қазіргі күні дәл осы мәселеде кейбір қайын енелердің ұтылып жүргенін, мұның соңы жас отау шаңырағының шайқалуына әкеп соғып жүргенін әсте жасыруға болмас.Өз келінін өзгеге жамандап, жалғыз келінін жат санап жаңылған енелерді көз көріп,құлақ естіп жүргені рас. Көпке топырақ шашпаймын. Келінін келгеннен-ақ құшақ жая қарсы алып, оң қабақ танытып, білместігіне кешіріммен қарайтын болса, ол келіннің әулетке сіңіп кетуіне негіз болады. Өзінің өмірлік тәжірибесі, көрегенділігімен жас келінге үлгі болар ененің де үйретер тәлім-тәрбиесі мол болмақ.Айжан есімді Алматы қаласының тұрғыны:- Мен осы отбасыға келін болып түскеніме 11 жыл болды. 10 жаста ұлым, 6 жаста қызым бар. Жолдасым үйінің кенжесі. Екеуміз бір-бірімізді ұнатып 2 жыл жүріп, екі жақтың батасын алып үйлендік. Келін болып түскеннен кейін 1 жылдай осы үйдің әдет-тәртібіне үйренгенше қиналып жүрдім. Бірақ енем (мама деп атаймын) маған ешқашан дауыс көтеріп көрмепті, бізде бұлай жасаушы едік деп бір-ақ рет айтады.Одан кейін өзіңде тура солай жасауға тырысасың, - деп өз өмірлік тәжірибесімен бөлісті.
Ене мен келін арасы бір-біріне деген құрметпен өрілуі керек. "Келін" деген сөзден кішілік пен инабаттылықтың лебі есіп тұрғандай. Парасаттылығы мен ұяда көрген тәрбиесі арқылы кез-келген ененің тілін табары анық. Жүзінен нұры төгілген,өн бойынан имандылық пен мейірімділік есіп тұратын инабатты келіндерден қазақ кенде болған емес.Ата-бабаларымыз салып кеткен сара жолдан жаңылмасақ, салт-дәстүрімізді ұлықтасақ бірлігіміз берік, елдігіміз тұғырлы болмақ.
Арайлым Әріпбай
Kommentare