top of page

ЖАҢА ЗАМАН ҰСТАЗЫ

  • Фото автора: TURAN UNIVERSITY
    TURAN UNIVERSITY
  • 24 сент. 2019 г.
  • 2 мин. чтения

ree

Ұстаз-ұлы тұлға. Сондықтан да ұстазға деген құрмет қай кезде де жоғары деңгейде болған. Ал, мұғалімдік мамандық- бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен өнер-ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады. Мұғалім десе, барлық адамзат баласының жаны жылып, жүрегі жіби қалатыны белгілі. Ұстаздық барша мамандық атаулының төресі дер едім. Себебі,ғалым, шахтер, саясаткер, заңгер тіпті ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздың алдынан өтетіні белгілі. Сондықтан басқа мамандық иелерінің баршасы ұстаздарға борыштар.

Адамзаттың екінші ұстазы атанған ұлы ұстаз Әбу Насыр Әл-Фараби: «Ұстаз... жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, еш нәрсені ұмытпайтын... алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі..., мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ..., жұрттың бәріне... жақсылықпен ізгілік көрсетіп... қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек»- деген. Міне, осы сөздерден нағыз ұстаз бейнесін көре аламыз. Мұғалім деген сөз – қасиетті сөз. Бұл сөзден таза еңбекті сүйетін мамандық иесі деген сөзді ұғынамыз. Елдің надандығымен алысатын адам- мұғалім. Ендеше, бүгінде осынау қасиетті мамандықты қаншалықты қасиетін кетірмей алып жүрміз?!

Иә, халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін-білім болса, білімді бойымызға дарытатын - ұстаздар. Ол үшін тынбай іздену, тыңғылықты үйрену қажет. Халқымызда «Ұстаң көштен қалса, көп болса желімді тостақсыз қаларсың. Ал, ұстазың көштен қалса, білімді ұрпақсыз қаласың» деген өсиет бар. Халық айтса, қалт айтпайды. Бүгінде ұстаздық жолға түскен әрбір жас маман мемлекетіміздің көш ілгері жүруі үшін жасалып жатқан саясатына ілесі алуы тиіс. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай : «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». Ендеше, жаңғыру жолына аяқ басқан, бүгінгі жаңа атаулы- ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірде елімізде білімнің салтанат құруы жолында жас мамандардың алар орны ерекше, атқарар міндеті ауыр-ақ. Сондақтан, оларға деген құрметпен қатар қойылар талап та көп.

К.Д.Ушинскийден « Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» - деген сөз қалыпты. Демек, жаңғырудың жарқын жолында өркениет көшінен қалмайтын, бойында бәсекеге қабілеттілік қасиеті бар, барынша жаңа технологиялармен қаруланған білімді де, білікті ұстаз өз кәсібінің майталманы болары сөзсіз.

Ілмейтініңді ілдіретін, білмейтініңді білдіретін, санаға білім ұялататын, арманды алдан қиялататын жан бұл жалғанда жалғыз ұстаз болса керек. Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан демекші, бүгінгі жас мамандардың бойында ұстаздың өзіне тән мейірімділігі, сөзіне беріктігі, шыншыл мінезділігі, батылдығы, пейілінің дархандылығы, ерен еңбекшілдігі, ең бастысы өз мамандығына деген сүйіспеншілігі секілді қасиеттермен қатар заманауи білімділігі, тынымсыз ізденімпаздылығы, креативті ойлауы, жалпы бәсекеге қабілеттілігі болуы тиіс.. Ұстаздың осындай дара қасиеттері арқылы шәкірт бойына білім мен тәрбие құйылып, елімізде білімнің салтанат құрарына сенімін мол!


Айжан АРМАНҚЫЗЫ,

"Тұран" университеті, 3-курс студенті

 
 
 

Комментарии


Пост: Blog2_Post

©2018 by Тұранның жедел жаршылары. Proudly created with Wix.com

bottom of page