top of page
Фото автораTURAN UNIVERSITY

ЖУРНАЛИСТ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ...

«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» деп хакім Абай атамыз айтқандай, адам баласы дүниеге келген сәтінен бастап өзін қоршаған ортаны танып-біліп, сол арқылы білімге құлшынысын арттыра түсіп, «дүниеге кірпіш боп қалануды» мақсат етеді. Егер адам баласы табиғи мінезі мен жаратылысына біткен талантын талаптана отырып, еңбектену арқылы шыңдай түссе, одан әрі белгілі бір кәсіпті меңгеріп, сол салада қызмет етуді ойға алса, сонымен қатар осы арқылы халқына, қоғамға пайдасын әкелсе – бұдан артық бақыт бар ма!?

Менің бойымдағы ойыма келген шимай-шатпақ дүниелерді жазуға тырысатын қабілетімнің жыл өткен сайын шыңдала түсуі анамның ақ сүтімен дарыған құдіретті қазақ тілінің қасиетіне, маған осынау жарық дүниені сыйлаған жанның бесіктегі әлдиіне, құлағымның құрышын қандыра тыңдап өскен ата-әжемнің ертегісіне, қала берді «жүз мектеп те бере алмайтын» әкемнің тәрбиесіне тікелей байланысты. Мектеп табалдырығын аттаған сәтімнен қазақ әдебиеті, тарих сынды пәндерді бар ынтаммен оқи бастағаным да рас. Халқымыздың ауыз әдебиетінің үлгілері саналатын лиро-эпостық жырлар мен бертін замандағы ұлы Абай, Ыбырай аталарымыздың өлеңдері, алаштың атын әлемге танытпақ боп, Алашорда үкіметін құрған Ілияс, Бейімбет, Ахаң бастаған зиялы қауымның «масадай» ызыңдап «қазақты оятқан» шығармалары мен Баукең, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов сынды аталарымыздың туындыларының құдіреті еріксіз қазақ әдеби тілінің ерекше қасиетін қазіргі ұрпаққа ұғындыра отырып, ұмыт қалған жазбаларды жаңғыртып, бүгінгі күнге белгілі бар туындыны жас ұрпақтың жадына құйып, келесі буынға өзгеріссіз жеткізуге ұмтылдырады. Бұл бағытта тіл білімі саласымен қатар журналистиканың да алар орны айрықша.

Журналист болу – көптің қолынан келмейтін, тынымсыз еңбек пен жан-жақты алынған білімді қажет ететін, қоғамға қажетті ақпаратты сұрыптай отырып, халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін ел ішіндегі бар мәселенің жайын білуді көздейтін мамандық. Менің арманым – қазақ журналистикасы саласына қызмет ету арқылы жаһандану дәуірінде өзге елдердің діліміз бен дінімізге қайшы келетін өзгерістерін жоюға атсалыса отырып, қазақилығымызды сақтап қалу жолында рухани жаңғыруды мақсат тұтқан еліміздің жас буын өкілі ретінде теріс ағымдар мен әлеуметтік желі жайлаған заманда қазақ баспасөзінің құнын көтеріп, телевизия саласына тың идеялар алып келу арқылы Міржақып атамша «қазақты қайта оятуға» үлесімді қосу. Қымбат Әбілдақызы, Есей Жеңісұлы, Қымбат Досжан, Дана Нұржігіт, Мейіржан Әлібек сынды қазақ журналистикасының әр саласында қызмет атқарып жүрген аға-апаларымыздың еліміз үшін жасап жатқан еңбектері өскелең ұрпақтың осы салаға бет бұруына бағдаршам болып та отыр. М.Шаханов атам айтқандай, «үлкен адам болу үшін үлкен арман қажет екен»

Мәлік Мади Арманұлы

7 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


Пост: Blog2_Post
bottom of page