Журналист мамандығы – қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты сала. Егер сіздер журналистика әлемінің табалдырығынан аттап, есігінен енеміз десеңіздер, бұл кәсіпті түбіне дейін терең бойлап, орта жолдан кері қайырылмайтындай арғы-бергісін таразыға тартқандай салмақпен ойлап барып шешім қабылдағандарыңыз дұрыс.
Шынында да, алғашында журналистика адамды магнит тәрізді өзіне тартып алады. Газет-журналдарда жарық көрген мақала соңындағы аты-жөнің, радио эфиріндегі сөйлеген сөзің, яғни, әдеттен тыс ерекше естілген үнің, көгілдір экрандағы көрерменмен бетпе-бет келетін болмыс-бітімің – бәрі де біз үшін таңғажайып тартымды құбылыстар. Тіпті, арманыңа жол ашатын табыс кілті десе де болғандай. Бірақ, журналистика тек осынау жүрек тебірентер жағымды өмірлік құбылыстардан ғана тұрмайтынын, оның одан да өзге егжей–тегжейі мен қыр-сыры, күнгейі мен теріскейі, жотасы мен белесі, асуы мен асқары бар екенін ескерген абзал. Ал тек қана жігерлендіретін, қайратыңа қайрат қосып, қиялыңа қанат бітіретін кілең жағымды құбылыстар журналистиканың төл табиғатын, бар болмысын түгел қамти алмайды. Себебі, журналисттің бармайтын жері, баспайтын тауы, ашпайтын есігі, кірмейтін тесігі қалмайды. Журналист өмірдің ғажабын да, азабын да, қоғамның жақсылығын да, жамандығын да жазады. Қажет болса өртке де араласады, сотқа да кіріседі, ұрыс-шатаққа, қылмыстық оқиғаларға да, саяси шараларға да, өлім-жітімге де араласады. Өйткені журналист бал арасына ұқсап, өзіне қажет ақпаратты жер-көкті кезіп, шартарапты шарлап, теріп жүріп жинайды. Сол ізденістің барысында небір керемет ләззат алатын таңғажайып тамаша сәттерді, сонымен қатар, адам айтса сенгісіз сұмдық оқиғаларды, қилы-қилы күрделі процесстерді бастан кешіреді. Қызмет бабындағы кәсіби бәсеке – өз алдына бөлек дүние. Сонымен, БАҚ саласына барар жолдағы белестер жайлы бірнеше кеңес ұсынғым келеді;
1. ТЕК ҚАНА ШЫНДЫҚТЫ АЙТ;
2. АЛҒАН БЕТІҢНЕН ҚАЙТПА, ТҮБІНЕ ЖЕТПЕЙ ТЫНБА;
3. ӘДЕПТІЛІК ӘЛЕМДІ БАҒЫНДЫРАДЫ, ӘРДАЙЫМ ӘДЕПТІ БОЛ;
4. БАТЫЛ БОЛ, ҚОРЫҚПА!;
5. МАҚТАУ ЕСТІСЕҢ ДЕ, СЫНҒА ҰШЫРАСАҢ ДА КІТАПҚА ЖҮГІН;
6. КЕЗ КЕЛГЕН АҚПАРАТТЫ ЖАРИЯ ЕТПЕС БҰРЫН ТЕКСЕРІП АЛ;
7. «ОЙ ҚАЙТАЛАМА, СӨЗ ҚАЙТАЛАМА.
Журналист үшін ең бастысы жауапкершілік — этикалық жауапкершілік. Бұл жердегі тағы бір мақсат: болашақ журналистерге жауапкершілікті және этика ғылымының пәрменді құрал екендігін ұғындыру. Журналист мамандығы жайлы қызықты мәлімет бере алдым деп ойлаймын.
Бүгінде менде осы мамандық бойынша білім алудамын. Менің мақсатым – тек қана журналист болу емес, қоғамға керекті, елімізге еңбегі сіңер, атқарған жұмысымен үлгі болар, нағыз кəсіби маман атану. Журналистиканың қыр -сырын толықтай білмесем де, бұл жолда аянбай еңбек етіп, өз ізімді қалдыру, білікті де білімді мамандардың қатарында болу үлкен арман. Ал, арман адамды баулып, үлкен бір асуларға жеткізетін дүние. Армандар орындалады, тек соған сене білу керек!
Саханова Алинура
«Тұран» университеті 3-курс студенті
Comments