top of page

Компьютер ойыны құмарлық па? Әлде індет пе?

  • Фото автора: TURAN UNIVERSITY
    TURAN UNIVERSITY
  • 19 нояб. 2019 г.
  • 2 мин. чтения


Біз уақытты "бақыт" деп жатамыз. Осы берілген бақытты тиімді әрі пайдалы өткізу өз қолымызда. Бірақ қазіргі жасөспірім, мектеп қабырғасындағы оқушыларымыз, тіпті 5 – 6 жастағы балалар да егде жастағы ағаларымыз да уақытты босқа өткізіп, барлық уақыттарын компьютер ойындарына арнауда. Елімізде бұл компьютер ойындарына қатысты адамдардың ойы екіге бөлінген. Бір тараптың айтуы бойынша: "Компьютер ойындарына құмарту нашақорлықпен пара – пар дерт есептелетін ауру түрі". Екінші бір тарап: "Компьютер ойындары баланың дамуына үлкен септігін тигізеді" - дейді.

Бұл компьютер ойындарына қызығушылықты баланың өзі емес, ата –ананың ықпалынан пайда болады деген де пікірлер бар. Себебі бала тыныш отыруы үшін қолына планшет немесе басқа да гаджеттер беріп, өз жан тыныштығын ойлап кететін ата – аналар да жетіп артылады. Қолына планшет түскен баланың не істеп, не қойып жатқанында ешкімнің шаруасы жоқ. Бір кірсең, шыққың келмейтін ойыннан басын алмай, құмары қанғанша бас көтермей ойын ойнап жатқанын ешкім байқамайды да. Ата – апаларымыз айтушы еді ғой «әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ» деп. Қараусыз қалған баланың қолынан гаджеттерді алып, ойын ойнауын шектеп, дұрысы түрлі үйірмелерге беріп, пайдалы істерге баулитын ешкім болмай тұрғаны бәрімізді қынжылтады.

Бұл құмарлықтың кесірінен сабақ та, өзге де пайдалы істер жайында қалады. Құмар ойындарының құлына айналған балалардың көзіне келетін зиянмен қоса, қызылды – жасылды боялған, қолына қару ұстап бір – бірін аяусыз атып өлтіру баланың психологиясына да теріс әсерін тигізбей қоймасы анық. Бала шынайы өмірін, экран өміріне айырбастап, достарымен араласу тұрмақ, тіпті өз ата – анасымен де сөйлесуді тоқтатады. Тағы да көп уақыт компьютер алдында отыратын баланың қимыл – қозғалысы азайып, физикалық тұрғыдан да әлсіз, нәзік балаға айналады. Компьютер ойындарының зиянымен қоса пайдасы да жетерлік.

Ойындардың қай – қайсысы болмасын балаға өзіндік әсерін тигізеді. Ойлау қабілетін жақсартатын, бір нәрсеге үйрететін, тығырықтан тез шығудың амалдарын көрсететін - шахмат,дойбы, асық, тіпті тоғыз құмалақ ойынының да компьтерлік нұсқасы бар. Бұл ойындар баланың есте сақтау қабілетін, есеп шығару барысында тез амал тауып кету сынды, басқа да тапсырмаларды орындағанда өз ықпалын тигізетіндігі айдан анық. Сондықтан компьютер ойындарын тек өзін дамыту үшін, қабілеттерін шыңдау үшін ойнаса нұр үстіне нұр болары анық.

Басында айтып өткендей уақыт біз үшін берілген бақыт. Сондықтан осы қамшының сабындай алтын уақытты құр босқа экран әлеміне айырбастамай, шынайы өмірге бейім болып, айналадағы көріне бермейтін ғажап заттарға көп көңіл аударсаңыз, өмір шапағатына бөленетініңіз анық. Экранға телміріп сау басымызға сақина тілеп ауру жамап алғанша, табиғатта серуендеп, достарыңмен футбол ойнап уақыт өткізгенге не жетсін. Барлығы өз қолымызда. Таңдау өз еркіндігімізде.


Мади Мәлік

 
 
 

Comments


Пост: Blog2_Post

©2018 by Тұранның жедел жаршылары. Proudly created with Wix.com

bottom of page