Соңғы жылдары біздің мәдениетімізге мәдени трендтің түр-түрі еніп жатыр. Алайда, тұрақты түрде танымалдылыққа ие болып, әлем бойынша таралып жатқандары да жоқ емес. Соның бірі - корей субмәдениеті, қысқаша "k-pop". K-pop дегеніміз Оңтүстік Кореяда негізі салынған, батыстық электропоп, хип-хоп, RnB бағыттарын бойына сіңірген музыкалық жанр. 2012 жылы "Gangnam Style" әнімен танылған PSY барлығымыздың есімізде шығар? Міне,сол k-pop бағытын бастағандардың бірі еді. K-pop әртістері Азия мемлекеттерінен ғана емес,сондай- ақ Әлем ареналарынан да ойып тұрып орын алып келеді. Ғаламтор арқылы таңқаларлықтай образдары мен ерекше киім кию үлгілерін де елге таныта алды. Бұл әртістердің конценрттік турлары АҚШ, Франция, Германия, Чили, Ресей,Жапония секілді алпауыт мемлекеттерде де өтеді.К-рор дерті Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Жанкүйерлерінің белсенділігінің арқасында көптеген арналардан k-pop топтардың бейнебаяндары көрсетілетін болды. Танымал топтың әр орындаушысының жеке қолдаушы аудиториясы бар. Олар "айдолдардың" әр басқан ізін аңдып отырады,Әр фанбазаның өз әнұраны, үндеуі, эмблемалары бар. Ең танымал топтар кімдер? Шыны керек, осынша топтардың арасынан мықтылардың мықтысы міне деп айту мүмкін емес. Өйткені, әр 8-9 ай сайын жаңа топтар пайда болуда. Сәйкесінше олар да сахнаға шыға сала Әлемдік жұлдыздармен сайыса алады. Дегенмен, тренд пен талғамға қарамастан BigBang, SHINee, Beast, EXO, Girls Generation, BTS, Black Pink топтары қалады. Аталмыш топтардың мүшелерінде топ құрамында өнер көрсетуден бөлек жеке шығармашылықтарымен де айналысуына мүмкіндіктері бар. К-рор орындаушылар күн демей, түн демей өз-өздерін шыңдауда. "Хореография, вокал,бет күтімі, дене бітімін қадағалау күнделікті жаттығуларды және көп күшті талап етеді",- дейді олар. Дегенмен, әртістер мұндай белсенділікке үйренген. Себебі, кореялық продюсерлер осы бағытта кәсіби орындаушы етіп шығару үшін 10-13 жастарынан бастап жеткіншектерді қабылдайды екен. Ережеге бағынып,ән айтып, би билеп, болашақ жанкүйерлерімен қалай жұмыс істеу керегін үйреніп, белгілі бір деңгейге жеткенше арнайы дайындықтан өтеді. Десе де, бұл кеткен еңбектің нәтижесі екі есе кіріспен қайтары хақ!
Жанерке НУРҒАЛИ
Тұран университеті
3-курс студенті.
Comments