МЕН НЕЛІКТЕН ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУДІ ҚОЛДАЙМЫН?
- TURAN UNIVERSITY

- 18 окт. 2019 г.
- 3 мин. чтения
Еліміздің ғылым-білім саласымен қатар халқымыздың тарихы мен әдебиетіне, мәдениеті мен өркениетіне, бастысы қазіргі қоғамның санасына ықпал етер латын әліпбиіне көшу мәселесінің түп төркінінде саяси, рухани тәуелсіздігіміз бен тіл тазалығы сынды себепті «сылтаулар» жатқаны белгілі. Сондықтан осы ғасырдың басында Елбасы тарапынан ұсынылып, кейін тартыс тудырған тың әліпбиге көшу бағытында соңғы жылдары нақтылы шешімдер қабылданып, 2012 жылғы желтоқсан айында жарияланған «Қазақстан-2050» Стратегиясында мәлімделгендей, 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігі алға тартылып отыр.
Мен еліміздің азаматы әрі жас буын өкілі ретінде латын әліпбиіне көшуді қолдаймын. Алдымен, күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген жазулардың басым бөлігі латын әліпбиіне негізделгенін айтқым келеді. Мәселен, көліктердің нөмірлері, көше атауларының басым бөлігі, шетелдік кәсіпорындар мен дүкен атауларында латын қарпін жиі көреміз. Сондықтан қоғамның латын қарпіне негізделген жаңа әліпбиді қабылдауында қиындықтар туындамауы мүмкін.
Ал, екіншіден, бұл әліпбиге көшу арқылы түбі бір түркі елдерімен ынтымақтастығымыз артып, мәдениетіміздің жақындай түсуі мүмкін. Себебі, түркі тілдес бауырларымыздан Түркия, Әзірбайжан мемлекеттерінің латын қарпіне негізделген әліпбиді пайдалануға әлдеқашан көшкені белгілі. Демек, әлемнің 80%-дан астам жұрты пайдаланатын латын қаріптеріне көшу арқылы әлемдік аренада жаһандану ұранымен интеграциялану үрдісіне бір қадам жақындай түсеміз.
Үшіншіден, бұл бастаманы білім беру бағытында жүзеге асырылып жатқан «үш тұғырлы тіл» саясатымен ұштастырып қарасақ, жаңадан мектеп табалдырығын аттаған жас буынның латын әліпбиі арқылы шет тілдерін тез әрі еркін меңгеруіне оң ықпалын тигізеді.
Тың әліпбиге тосырқай қарамасақ та, қоғамда орта және жоғары жастағы адамдар арасындағы сауатсыздық, қоғамның ескі әліпбиден бірден бас тарта қоймайтындығына орай екіге бөліну мәселелері туындауы мүмкін. Тиісінше жаңа әліпбиге толықтай ауысу арқылы техника мен ақпараттық технологияларды сертификациялау, құжаттарды рәсімдеу барысында «жұмыстың жеңілдейтіні» анық. Бұл туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Латынға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылым мен білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деп атап өткен болатын.
Төртіншіден, латынға көшу арқылы алдымен оралмандардың елімізге оралуы кезінде тілді үйреніп, сауатты жазуға тез бейімделетіндігін, сондай-ақ әлеуметтік желілерде жиі отыратын жастарымыздың сауаттылығы мен тіл тазалығы жүзеге асатындығын айтқым келеді.
Әліпбиге көшудің саясатпен тікелей байланысына келтіретін мысалдар да жеткілікті. Алайда тарихта бұл әліпбидің қолданыста болғандығы қоғам үшін қиындық тудырмайды деген қорытындыға әкеледі.
Экономикалық тұрғыдан шығынға ұшырауды ойласақ, еліміздің рухани тәуелсіздігі жолында келер ұрпақ үшін «шығынданудың» шын қажеті бар. Отарлау саясатының салдарынан санамыздың уланғаны, екі әліпби мәселесі елді екіге бөлу қаупіне әкелетіні тағы бар. Бұл тұрғыда зиялы қауым өкілдері мен қоғам жанашырларының «бір мемлекет – бір жазу», «бір әріп – бір дыбыс» ұранын ұстану туралы пікірлері көп. Ал, менің айтпағым, тарих, әдебиет сынды салалардағы шығармалар біз секілді болашақ жастарға беймәлім кириллица күйінде қалып, ел зиялыларының елеулі еңбектері еленбей қала ма деген күдікпен жүрген қауым үшін бұл әліпбидің керісінше қай саланың болмасын құнды дүниелерін тазалап, келер ұрпақтың керегіне жарайтыны, жастар ең қажет деген құнды дүниелер мен нағыз еңбекті іріктей отырып, жаңа әліпбиге өздері аударып алатындығын алға тартып, «латынға көшу – тарихи, әдеби еңбектер мен шығармалардың шын бағасын берер сүзгі» демекпін.
Мені де, менің достарымды да алаңдататын жайт, көршілес өзбек елі секілді жаңа әліпбиге көшу жай ғана қиял болып, кирилл мен латынға негізделген елге айналып, қиындықтарға әкелмесе екен. Латынға көшу бағытында ағымдағы жылдың аяғына дейін «қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау» барысында жұмыстар атқарылуы тиіс болатын. Елбасы Жарлығымен 32 әріптен тұратын қазақ тілі әліпбиі де бекітілді. Алдағы уақытта жаңа әліпбиді үйрететін мамандар даярлануы керек екен. Сондай-ақ, орта мектептерге арналған оқулықтар мен заңнамалық құжаттарды, қала, көше атауларын өзгерту, т.б. ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Қазірден қолға алынған бұл идеяның нақты жұмыстармен жүзеге асырылып жатқаны рас болса, қоғамның жаңғыруына әкелетін жаңа әліпбиге 2025 жылдан бастап толықтай көшуіміз мүмкін екеніне сене отырып, бір ауыздан қолдаймыз.
Қорыта айтсам, тәуелсіздік алған 28 жылдан кейін рухани жаңғырайын деп жатқан халқымызды ендігі 32 әріпке құрылған жаңа әліпби рухани қаңғыртып жібермесе екен.
Мәлік Мади Арманұлы




Комментарии