top of page
Фото автораTURAN UNIVERSITY

Менің жүрегімде – махаббатқа ұласқан сырлы сезім


Алабұртқан албырт шағымда сергелдеңге салып қойған құрғыр сынақ әр нәрсені байыппен ойлауға мүмкіндік бермеген еді. Айналамда аяулы да, азулы да жандар қаптап жүргенімен, өзімді жалғыз сезінетінмін. Көпшілік араласатындардың ортасына тап болсам, бейтаныс жандардың арасына түскендей жатырқап, абыржып, қатты қобалжитынмын. Барлығының назары маған ауып, ал өзге біреуі сол үшін ренжитіндей көрінетін. Содан өзімді қоярға жер таппай, әр адамның көңілін табуға тырысып, құрақ ұшатын күйге түстім. Солай жүріп, бірте-бірте өзімнің көп нәрсенің құрбанына айналып бара жатқанымды байқамаппын.

Бүгінгі күні қарап тұрсам, сол шағымда өзімді жоғалтып алуға сәл қалыппын. Төте жолда адасқан адамға ұқсап түсініксіз күй кешіппін. "Ертеңгі күнім не болмақ?" деп болашағымның бұлдыр тұстарын анықтаумен жүргенімде бүгінімнің керемет сәттерін сезіне алмағаным өкінішті. Сонда мені мазалаған не мәселе? Өмірді енді танып, көңілін кір шалмаған бар жоғы он жеті жасар қыз баланы алаңдатқан не нәрсе болды екен? Жүрегімді дір еткізген, бұрын-соңды сезілмеген не құдірет бұл? Тек сауалдар, жауабы жоқ құр сауалдар ғана.

Сынақ өтті. Үлкен өмірге қадам бастым. Қоршаған ортаға өзге көзқараспен қарай бастадым. Бірақ, сол өткен шақтың елесі менің қыр-соңымнан қалар емес. Сөйтсем, бірде елес, бірде адасу деп жүргенім жүрегімдегі маxаббат екен ғой. Иә, маxаббат. Ал әлгі бір жанның өзгелердің маған ауған назарына ренжитіні қызғаныш екен ғой. Сол бір жанның еліктей ерке қыздың жүрегін еліткен махаббат жалынын тұтатқанының әсері екен мұның барлығы. Түсіндім, ұқтым. Ессіз адамның күйін кешіп жүргенде, әбігерге салған осы бір пәк сезім екен ғой... Маxаббатым жүрегімде. Енді мен маxаббатымды бағалаймын... Маxаббатым барда, сырлы сезімім барда мен бармын, мен өмір сүремін! Нәзік жүрегімді керемет күйге бөлейтін бұл ғажап сезімді жоғалтып алғым келмейді.


Еркеназ Амангелдіқызы

15 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comentários


Пост: Blog2_Post
bottom of page