Ғаламтор дәуірінде жыл трендін бақылап отыру, жаңа үлгіде киінуге талпыну, әлем модасына еліктеу — қалыпты процесс. Қазақ жастары да қалыс қалмаудың қамын жасауда, "сәнқой" статусы баршаның қалауы. Елімізде халыққа қолжетімді бағада киім-кешек сататын брендтерден бастап, қымбат Luх сападағы өнімдерге дейін тұтынуға мүмкіндік бар. Жыртық джинсы мен қысқа белдемшелерсіз де тартымды көрінуге болатыны даусыз. Қалай?
Бүгінде, Қазақстанның үздік дизайнерлері модаға ұлттық сипат беру мәселесін басты назарға алып отырғаны да жасырын емес. Десек те, әлемдік трендпен сәйкестік таба аламыз ба? Мода сөйлесін. Нәзік, жұмсақ реңктер ашық-қызғылт және сары түсті образдарды алмастырды. Мұндай киімдерді көзге түсетін әшекей-бұйымдармен киген жөн. Пэчворк, поп-арт стилі, гүлді және жабайы аңдардың түсі жаңа маусымда дизайнерлер үшін шабыт көзіне айналуда. Түрлі фигуралардан құралған жануардың суреті мен реңі бар киімдер көктем-жаз маусымының сәні. Ассиметрия да өзекті. Бұл маусымның мақсаты — мойын мен иық сызығын бір жағына қарай ашып, қыз нәзіктігін көрсету. Сasual, күнделікті стиль мен минимализм де сәннен қалмайды. Киім қарапайым болған сайын тартымды. Жолақты киімдер мен "Деним" актуалды. Басты өзгеріс — белге асатын сөмкелер мен пластиктен жасалған киім.
Сәнді қуалап жету қиын, ал ұлттық нақыштағы киімдер болса жүздеген жылдар бойы, өз тұтынушыларына ерекше реңк беретіні хақ. Әсіресе, көшпелі халықтарға тән киізден жасалған өнімдер тек Қазақстан емес, шет елдерде де таралған. Табиғи, экологиялық таза, денсаулыққа пайдалы тоқыма өнімнен кім бас тартсын? Киімнің сапасына мән беретін және денсаулығын күтетін ересектер көп, ұлттық нақыштағы киімдерге жастардың да қызығушылығы артып келеді. Себебі, этно-стильдегі өнімдер тек жоғары сапалы матадан тігіледі. Олар киіз, жібек, зығыр матасы және басқа. Жастар көбінесе, этно-стильде түрлі бұйым, сөмке, киім-кешек, бас киім және той көйлектеріне тапсырыс береді. Тіпті көрпе мен төсек-орын жасату үшін арнайы келеді, автомобиль салонына да киізден тыс жасатқызғандары да аз емес. Бұрын өнім тұтынушыларының басым бөлігі шетел азаматтары болған, ал қазір қазақстандықтардың үлесі 70 пайызды құрайды. Бұл этно-стильге деген сұраныс көбейгендігінің көрінісі. Ұлттық нақыштығы өнімдер қашан да сәнді, әсерлі көрінеді. Әсіресе, шет елде жүргенде қазақстандық екеніңді білдірудің таптырмас құралы. Этно-дизайнерлердің басты мақсаты — әлемдік сән үлгілеріне қарап, келісті мата таңдап, бүгінгінің талабына сай киім тігу.
Қазақстанда сән үлгілерін көрсету Алматыда бастау алған. Басты көрсетілімдер — Kazakhstan Fashion Week және Mercedes-Benz Fashion Week. Онда жылына екі рет, яғни көктем-жаз, күз-қыс коллекциясы ұсынылады, тек Қазақстан емес, ТМД мен шетел дизайнерлері қатысады. Ұлттық моданы айшықты етуге талпынатын Arunaz design мен Аида Кауменова сән үйі, бүгінгінің мақтаныштары.
Қорытындылай келе, барлық адам өз көңіл-күйін, эмоциясын, талғамын киім арқылы білдіреді. Әркім өзінің дүниетанымы, ойлау қабілеті мен қиялына қарай киінеді. Адамның киіміне қарап ішкі дүниесін көруге, не айтқысы келетінін білуге болады. Бірі ашық, көзге түсетін киім кигісі келеді, мұндай көбіне жастарда кездеседі, бірі күнделікті, қарапайым стильді дұрыс көреді, бірі ұлттық нақышта киінуді ұнатады. Сіз қай топқа кіресіз?
Саяна СЕЙТҚОЖА
Comments