Мінез – адам баласының ішкі жан дүниесінің сыртқы көрінісі деуге болады. Сондықтан әл-Фараби бабамыз «Мінез – жанның айнасы» деген екен. Әдетте біз адамдарға қарап, мінезі жақсы екен немесе жаман екен деп баға беріп жатамыз. Жақсы мінезді адамдарға ақкөңіл, яғни үнемі көңілді жүретін, жайдары адамдарды жатқызамыз. Көбінесе олар ашуланбайды, қайырымды, мейірімді және сабырлы келеді. Мәселен, мінезі жақсы ұстаз оқушыға мүлдем дауыс көтеріп ұрыспайды. Ондай адамдардың ашуға беріліп айқайлағанын немесе қатты сөздер айтқанын естімейміз. Осыған қарап, қытай халқының «Үлкен өзендер ақырын ағады, ал ақылды адамдар ақырын сөйлейді» деген мақалы рас екен деп ойлаймын. Кейде адамның өмір сүру стилі, тағдыры, қоғамдағы орны өз мінезіне байланысты сияқты болып көрінеді. Мәселен, қазақ журналистикасына қырық жылдан астам еңбегін сіңірген Ғазекең өз мінезділігінің арқасында көптеген тамсанарлық дүниелер жасады. Журналист әрі қаламгер болған соң өзіндік бір ерекшелігі бар Ғазекең оқырманды бірден баурап алатын. Қаламынан шыққан әр жазу өзіндік мінезі мен стилінің арқасында құнды болатын. Журналист болған соң мінезді болу өте маңызды. Қазіргі таңда сан алуан мінезді журналисттер бар. Мысалы, жібек мінезді журналист ретінде Қаршыға Есімсейітованы, ал өткір мінезді деп Дина Төлепбергенді қарастыруға болады. Дегенмен, жақсы мінезді болуға тырысуымыз керек және көркем мінезді адамдардан үлгі алуымыз қажет деп ойлаймын. Өйткені мінезі жақсы адамның өмірі де жақсы болмақ және ондай адам айналасындағы адамдарға, тіпті еліне үлкен септігін тигізе алады. Кезінде Абай атамыз: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – дейді. Яғни, «Мінезді түзетуге болмайды» деген – қате пікір. Қорытындылай келе, өз боймыздағы жаман мінездірді жойып, тек жақсы мінездерімізді шыңдап, көркем мінез иесі болуға тырысумыз қажет.
Журналистика факультеті 2-курс
Устемирова Аружан
Comentarios