top of page
Фото автораTURAN UNIVERSITY

ОТАНДЫҚ КИНОФИЛЬМДЕРДІҢ ҚАЗІРГІ ҺӘЛІ


Кино жайлы әңгіме қозғалған кезде әрине, көбісі шетелдік Голливуд фильмдерін немесе шетелдік басқа да телесериалдарды елестетеді. Иә, Голливудпен сынға түсу мүмкін емес, алайда корей немесе түрік телесериалдарын басып озуға мүмкіндік жетерлік. Қазіргі таңда қазақ фильмдеріне назар аударсақ, қаптаған комедия, бір сценарийді әрі де бері өзгертіп шығара береді. Негізінен әлемде кино күні ретінде 28 желтоқсан күні белгіленген. Себебі, дәл осы күні 1895 жылы ағайынды Люмьерлер дүние жүзіндегі алғаш киноны ойлап тапқан екен.

Біздің еліміздің кино индустриясын айтатын болсақ, онда ең алдымен тарихқа көз жүгіртейік. Қазақ тарихында өз орнын таба білген Ахмет Ходжиновтың "Қыз Жібек", "Менің Атым Қожа" секілді туындылары қазіргі кезде жоқтың қасы. Ал ең алғашқы кеңес кезінде "Ленфильм" студиясының ұжымы, қазақтың алғашқы кино қайраткерлерінің қатысуымен 1938 жылы "Амангелді" көркем фильмін түсіреді. Барлық қазақ фильмдері осы туындыдан бастау алады. Уақыт бір жерде тоқтап қалмайтындай, кино саласы да жылдан-жылға дамып келе жатыр. Дегенмен қазақ киносын көруге асығып жатқан жастарды көріп тұрғаным шамалы, көретін аудитория мүлде жоқ демеймін, көретіндер де бар. Әйтсе де, жастардың 70%-ы шетелдік фильмдерді жаны сүйіп көретіні өтірік емес.

Негізінде кино өнері саласының міндеті — адами құндылықтарды насихаттау, жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажыратып, оны рухани санаға қалыптастыру. Сол киноны көрген әрбір көрермен туындыдан әсер алып, еліктей бастайды. Мәселен шетелдік киноларда көрсетілетін әрбір іс - әрекет және еуропалық мәдениет, бәрі біздің болашақ ұрпақтың санасына қаншалықты дәрежеде әсер ететін өте жақсы білеміз. Ал отандық кино неге әлі көрермен көзайымына айналған жоқ немесе қазақтың бар құндылықтарын көрсететін ұлттық көркем фильмдер неге әлі де өте аз? Сонда біздің елімізде жақсы кино режиссерлер, талантты актерлер жоқ болғаны ма? Қазақ кино индустриясының кемшіліктерін қарастырып көрейік. Қазіргі таңда жаңадан түсіріліп жатқан фильмдерге назар аударсақ, бәрінде бірдей түр, бірдей кейіпкерлер, яғни танымал болған әншілер де, журналистер де экрандағы кинодан түсер емес. Сонда елімізде басқа да талантты шебер актерлер табу мүмкін емес пе? Жыл сайын қаншама түлектер өнер ордасында білім алып, тәмәмдап шығады. Бірақ, кинода көретініміз сол баяғы актёрлық құрам. "Талант бар, таныс жоқ" демекші бойындағы дарынына емес, қалтасына қарап таңдайтын заман. Отандық кино өнерінде тағы бір үлкен кемшілік фильмдердің қазақша дыбысталмауы. Қазақ аудиториясына ұсынылып отырған фильмдердің барлығы дерлік "шала қазақша" тілде. Мұның да себептерін іздеп көрдік. Негізгі себеп — біздің қазақ кинорежиссерлар патриот емес, олар үшін де өздерінің қалталары маңызды. Егер фильмдер орыс тілінде жарық көрсе, онда оның аудиториясы кең ауқымды болады, әрі сұраныс та көбейеді деп топшылайды. Шұбар тілде, батыстың стилінде түсірілген, актёрлері жаттанды сөйлейтін туындыны көрерменге ұсынудың өзі қазақ елі үшін қылмыс. Қазақстанда жасалған отандық өнімдерді қолдау керек, бірақ ол үшін өнім де сапалы болуы тиіс.


Мунира АМИРОВА

3 просмотра0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


Пост: Blog2_Post
bottom of page