top of page
Фото автораTURAN UNIVERSITY

Селфхарм – әлсіздік немесе амалсыздық?


Селфхарм – өзінің денесін ішкі эмоционалдық себептер бойынша суицидалды мақсаттарсыз жарақаттау. Селфхарм көптеген психикалық аурулардың белгісі ретінде кездеседі. Өзін-өзі жарақаттаудың жиі кездесетін түрлері – теріні тілу және теріні өткір затпен тырнау. Селфхармның басқа түрлеріне дене бөліктерін қысу және ұру, теріні күйдіру, жаралардың жазылуына кедергі келтіру, шашты жұлу, улы заттарды пайдалану жатады.

Селфхарм жеке адамдарға байланысты болғандықтан, оның нақты көрсеткіштерін анықтау мүмкін емес. Көрсеткіш негізінен жасөспірімдер мен жастардың арасында 3%-дан 38%-ға дейін өзгеріп тұрады. Университет студенттерімен өткізілген зерттеу бойынша олардың 17%-ының өмірінде селфхарм кездесетіндігі, ал соның 13%-ында бұл жағдай бір реттен көп болғаны анықталған. Орта мектеп оқушыларының арасында өткізілген зерттеу бұл топта көрсеткіштің 13%-дан 24%-ға дейін өзгеріп тұрғандығын көрсетті. Селфхармның бастамасы балаларда 7 жастан басталуы мүмкін, бірақ әдетте жарақаттауға бейімділік 12-15 жас аралығында басталады.

Өзін-өзі жарақаттаудың басты мақсаты суицид болып табылмаса да, өлім тәрізді қайғылы жағдайларға әкеліп соғуы әбден мүмкін. Селфхармнан зардап шегетін адамдардың арасындағы өлім қаупі 40-60%-ға дейін жетеді. Бірақ бұған бейім адамдардың барлығының мақсаты суицид деп санау – қателік.

Селфхарм бірнеше себептер бойынша орын алуы мүмкін:

Жазалау. Белгілі бір қолайсыз жағдайға тап болған жасөспірім өзін кінәлі санаған жағдайда физикалық жазалауды қолдануы әбден мүмкін. Жұмсақ мінезділік, қателік жіберу, қате қадам жасау сияқты себептердің салдарынан эмоционалды күйзеліске ұшыраған адам өзін-өзі селфхарм арқылы жазалайды.

Эмоционалдық зақымды физикалықпен ауыстыру. Эмоционалдық зақым алған жағдайда осы күйден арылу үшін адамдар физикалық жарақат алуды қолданады. Бұл адам ойының аз уақытқа бөлініп, басқа арнаға ауысуына көмектеседі.

Эмоционалды тұрақтылық. Психикасы әлсіз адамдарға селфхарм күйгелектік, мазасыздық және эмоцияға берілу сияқты сезімдерден арылуға көмектеседі.

Селфхармнан зардап шегетін адамды бірнеше белгілер бойынша ажыратуға болады:

киіммен жабылуы мүмкін терідегі тілімдер мен күйіктер, жаралар;

нақты себебі жоқ сынған сүйектер;

өткір заттарды үнемі алып жүру;

адамдармен қарым-қатынас жасаудағы қиындықтар, қоғамнан алшақтау;

әлсіздік, қажетсіздік сияқты сезімдер;

ішкі қарама-қайшылықтар.

Селфхарм – өзіне көңіл аудартудың жолы емес, бұл – көңіл бөлу мен қолдауды талап ететін ерекше жағдай. Егер сіздің жақын адамыңыз осыған бейім болса, оны айыптауға асықпаңыз! Көп жағдайда эмоционалдық қарама-қайшылықтар кезінде адамдар өз әрекетіне тоқтау сала алмайды. Керісінше, жақындарыңызға көмектесудің амалын қарастырыңыз:

әртүрлі артық заттарды алып тастап, жеке және ашық әңгімеге уақыт бөліңіз. Сұрақты төтесінен қоймай, оның айтқысы келетінін ғана сұраңыз. Естіп емес, тыңдап үйреніңіз.

тым әсерлі болудан аулақ болыңыз, кінәламаңыз. Ішіңізде қарсылық болса да, оны сыртқа білдірмеуге тырысыңыз.

егер сізден айтылған әңгімені құпияда сақтау сұралса, міндетті түрде шекараны сақтаңыз. Мүмкін оған жарақаттары жайлы өзгелерге айту ыңғайсыз болар.

жақын адамыңызға қолдау көрсетіңіз: тек сөзбен емес, оның әрдайым қолдаушысы мен қорғаушысы бар екендігін есіне салыңыз. Оның жалғыз еместігін, достары, отбасы, айналасындағы адамдардан кез-келген көмекті ала алатынын ескертіңіз.

ультиматум қоюды доғарыңыз. «Егер сен бұлай істеуді доғармасаң...» деген сынды сөздерден мүлдем бас тартыңыз. Бұлай жасау арқылы сіз ол адамның сенім шеңберінен шығып қалуыңыз мүмкін.

профессионалды көмек көрсету, психологпен байланысу жолдарын ұсыныңыз.

ең бастысы – байыппен, дауысыңызды қатты шығармай, мейірімділікпен (аяушылықпен емес) сөйлеуге тырысыңыз.

Есіңізде болсын, селфхарм – әрқашан адамдардың өз таңдауы емес. Бұл әлсіздік емес, көмек пен түсіністікті талап ететін жағдай. Өзгені сынға алмас бұрын өзіңізді сол адамның орнына міндетті түрде қойып көріңіз!


Айым Марат

4 просмотра0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


Пост: Blog2_Post
bottom of page