top of page
Фото автораTURAN UNIVERSITY

Судың да сұрауы бар



2019 жылы 25 қыркүйекте жарияланған БҰҰ-ның арнайы баяндамасының авторлары әлемдік мұхит деңгейінің күрт жоғарылауы күллі адамзат үшін апатты жағдайларға әкеліп соғуы мүмкін екенін мәлімдеді.


Жүзден аса ғалымдар қатысқан зерттеуде полярлық аудандардағы жылыну мен мұздықтардың еруі климаттық өзгерулер мен теңіз жануарларының азаюына әкеліп соғатыны атап өтілген деп хабарлайды Deutsche Welle. 2050 жылға қарай шығарылатын парниктік газдардың көлемі азайтылған күнде де, кейбір мемлекеттерді су басу қауіпін алдын алу мүмкін емес болып отыр. Ғаламдық жылыну бұдан өзге топырақтың тұздануына, ал бұл өз кезегінде азық-түліктің қымбаттауына әкеліп соғуы мүмкін.

Ғаламдық жылынудың басты себептеріне тоқтала кететін болсақ, бұл тұста антропогендік факторды атап өтуге болады. Парниктік газдардың көп шығарылуы да адам әрекетіне тікелей байланысты жүреді. 1850 жылдан бастап ауаның орташа температурасы жыл сайын артып отырған. Ауадағы артық жылуды мұздар 3%, континенттер 3%, атмосфера 1%, ал мұхиттар 93% өзіне сіңіреді. Орташа температураның артуы және мұздықтардың еруі сияқты қауіпті нәтижелер осының салдарынан орын алады.

Адамзат өмірінде мұхиттың атқаратын рөлі өте ерекше. Мұхиттарға түскен көмірқышқыл газы калий карбонаты ретінде бөлініп шығады, судың үлкен айналымының арқасында ол атмосфераға еніп, жерді тіршілікке қолайлы етеді. Бірақ 1970 жылдан бері атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшері 20%-ға артқан. Осыған байланысты мұхит суы қышқылдана бастады, ал қышқылданудың салдарынан біз мұхиттың ең ғажайып заты – маржан кедертасын жоғалтып алуымыз мүмкін. Ғалымдар осы мәселенің алдын алудың екі жолын ұсынады: СО2 газының мөлшерін ұлғайтуды тоқтату және мұхит суларына жергілікті жерлерде ұқыптылықпен қарау (ластауды, балық аулауды азайту, т.б).

Әлемдік мұхит жағдайының нашарлауына адамзаттың әсерін айтып тауысу мүмкін емес сияқты. Парниктік газдар, ластау, мұнай қалдықтарын ағызу сияқты мәселелерден өзге коммерциялық балық аулау да бұл жағдайға өзінің үлесін қосып жатыр. Шамамен 40 жыл бұрынғы әрбір оныншы жылмен салыстырғанда, теңіздегі балықтардың әрбір үшінші қоры таусыла бастады. Балық аулау кәсіпшілік ресурстары жылына 130 миллион тоннаға дейін жетті, ал табиғи ресурстардың қалыпқа келу мүмкіндігі бұдан әлдеқайда төмен. 2003 жылы жарияланған “Nature” ғылыми журналындағы салыстырмалы тізім бойынша 1950 жылмен салыстырғанда мұхиттан акула, тунец және марлин сияқты жыртқыш балықтардың 90%-ы ауланған. Егер балық аулау осы қарқындылықпен жалғаса беретін болса, 2050 жылға қарай мұхитта мүлдем балық қалмау қауіпі бар.

Әлемнің әлем болып қалыптасуында және адамзаттың тіршілігін жалғастыруында маңызды рөл атқаратын мұхиттың қазіргі жағдайы шынымен алаңдатады. Бар уақытында қадіріне жетпей, кейін осы әрекетімізге өкініп қалатын күн туар ма екен? Мұхитты құтқару қолымыздан келіп тұрса да, қадам жасауға асығар емеспіз. Келешек ұрпақ пластик пен мұнай қалдығының ортасында қалып, ертеде тіршілік еткен бізді жазғырмаса болғаны...


Айым Марат

8 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


Пост: Blog2_Post
bottom of page