top of page

СІЗ РОБОТ ЕМЕССІЗ...

  • Фото автора: TURAN UNIVERSITY
    TURAN UNIVERSITY
  • 1 окт. 2019 г.
  • 5 мин. чтения

ree

Мен бұл тақырыпты кездейсоқ таңдамадым. Кезінде Алланың көмегімен көкейімді тескен сауалдарға жауап тауып едім, бәлкім, мен сияқты ақиқат іздеп жүрген тағы біреулер бар болар...


Қалайша құл болғаныңа қуануға болады?

Ислам дінін қабылдамас бұрын «Алланың құлы» деген ұғым мені қатты толғандыратын. Өзге мұсылмандармен араласып жүріп, олардың Алланың құлы екендіктеріне ұялмайтындығын, керісінше, мақтанышпен айтатындығын байқайтынмын. Қанша ойлансам да түсіне алмадым. Қалайша құл болғаныңа қуануға болады? Мен ес білгелі адамдар бостандық үшін күресіп келеді, ал олар өздерін құлмыз деп санайды және өздерін бақытты сезінеді.

Айтыңызшы, «құл» сөзі негативті мағынаға ие ғой? Мен үшін құл болу өлімен тең көрінді. Сенің тәуелсіздігің жоқ, сенің қалауың – қожайыныңның қалауы. Біз мұнымен тарихи кітаптардан, фильмдерден жақсы таныспыз. Алайда, Жаратушыңның құлы болу мүлде басқаша, біз білетін «құл» сөзінен тым алыс жатыр. Маған осыны ұқтырып қойған Алла Тағалаға сансыз мақтаулар айтамын!


Университеттегі оқиға ойыма төңкеріс жасады

Бірде университетте мұғаліммен дін туралы әңгіме өрбіттік. Ол: «Мені ата-анам бала кезімнен тәуелсіз болуға тәрбиеледі. Исламда тым көп тыйымдар бар сияқты. Анау болмайды, мынау болмайды... Неге мен орамал таққым келмесе де, тағу керекпін? Мен әлі жаспын, өмірдің қызығын көргім келеді. Бір ай бойы ашығып ораза ұстағым келмесе де, неге орындау керекпін? Мен еркін адам емеспін бе? Құл емеспін, сондықтан өзім қалағандай өмір сүремін» деп сөзін аяқтады. Бәріміз таңғала тыңдадық. Сонда топтастарымның бірі: «Сіз бәрібір құл болып тұрсыз ғой, бірақ өз нәпсіңіз бен қажеттіліктеріңіздің құлысыз» деп қойып қалды.

Осы сөздер менің ойыма төңкеріс әкелді. Мойындаңызшы, сізде де менің мұғалімім секілді ой бар ғой. Мен де еркін адаммын, өз қалауыммен жүремін деп ойлайтынмын, бірақ, бір күн тәккәпарлықты сандыққа салып, тереңірек ойланып көрейікші.


Тәуелсіз болсаң, тәніңе билік жүргізіп көр!

Мынау ғажап мінсіз әлем Алла Тағаланың ұлы нығметтерімен көркемделген. Жаратушы өзінің рақымы және даналығымен адамдардың бақытты өмірі үшін тыйымдар мен бұйрықтарын бекітті. Алла біздің сол бұйрықтарды орындауымызға мұқтаж емес. Алайда көпшілігіміз дер кезінде қадірін біле бермейміз. «Мен еркін өмір сүргім келеді» деп мұрнымызды шүйіреміз...

Қарапайым мысал келтірейікші, әрбіріміз өзіміздің физикалық денемізге қатысты құбылыстарды жақсы түсінеміз. Ендеше, түшкіру мен есінеуді тоқтата аламыз ба? Тәуелсіз емеспіз бе, олай болса, есту және сезу қабілетімізді жоқ қылайықшы. Біз тіпті, жүрегімізді қандай күш соқтыратынын және қай күні тоқтап қалатынын білмейміз. Немесе бір адам: «Мен еркін адаммын, сондықтан, бірнеше күн бойы ұйықтағым келмейді» десін. Ол тіпті бір күн де шыдай алмайды! Расында, терең ойланар болсақ, табиғат түгілі өз денемізге билік жүргізе алмайтынымызды түсінеміз.

Сенімдірек болу үшін тағы бір мысалды алып қарайық. Сіз де, мен де ата-анамызды, әжемізді, әпке-қарындастарымызды өз еркімізбен таңдап алмадық. Біз тіпті көзіміздің, теріміздің түсін таңдап ала алмаймыз. Кейде баламыздың туылатын күнін таңдағымыз келеді, алайда, ештеңе де біз күткендей болмайды. Сіз әлі де «мен еркінмін, тәуелсіз өмір сүремін» деген ойдасыз ба? Тәуелсіз болу – ешкімге мұқтаж болмау, өзің би, өзің қожа болу. Сізде бұл сипаттар бар ма?

Қалай болғанда да, ислам адам дәрежесінің періштеден де жоғары екендігін айтады. Адам ата жаралғанда періштелердің сәжде жасауы да бекер емес. Олар күнәдан пәк, ал адам үнемі өз құмарлығымен күресумен болады. Ішкі өзімшілдігін жеңген жағдайда Алла алдындағы дәрежесі әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

Иә, біз физикалық тәнімізге қатысты нәрселерге таңдау жасай алмаймыз, ал жанымызға келгенде әңгіме басқа...


Дінде мәжбүрлік жоқ!

Алла Тағала бізді ештеңеге мәжбүрлемейді. «Дінде мәжбүрлеу жоқ. Ақиқатында, туралық – адасудан ажыратылып, айқындалды...». («Бақара» сүресі, 256-аят). «Істеп тапқаны (жақсылығы) оған, ал (жамандығы) – оның өзіне қарсы болады». («Бақара» сүресі, 286-аят). Біз алдын-ала бағдарламаланған робот емеспіз ғой? Адам баласы таңдау еркі берілгендігімен ерекшеленеді, сол үшін ақылы бар. Жақсы я жаман болуды өзіңіз таңдайсыз. Көшеде жүгін көтере алмай бара жатқан қарт кісіге көмектесу я көмектеспеу де сіздің еркіңіз. Сөмкесін ұрлап кетсеңіз де, өзіңіз білесіз. Алайда, бізге ескерту 14 ғасыр бұрын келіп қойған. Сен қалай өмір сүрсең де, соңында екі ғана аялдама бар. Бірі – тозақ, бірі – жәннат. Және мұны әркім біледі.


Еркін болудың жемісі бақыт па?

Бостандық – бақыт әкеледі. Адамдар дәл осылай ойлайды. Ішкі ой: «Егер мен қалаған тамағымды жесем, қыруар ақша жұмсап, киім, әшекей, көлік алсам, темекі шексем, ішімдік ішсем, үй тапсырмасын орындамасам, туыстарыма көмектеспесем, күні бойы ұйықтасам, мені ренжіткеннен кек алсам, атағым шықса бақытты болар едім...». Қысқасы, шайтанның дегеніне еру. Қалай ойлайсыз, осы дүниелер адамды бақытты ете ала ма?

Жоооқ, бұл адам нағыз құл. Өзінің құмарлығы мен бейбастығының құлы. Жалғыз басты адамдардың көпшілігі – ең бай, ең беделді кісілер. Алдына келгенді, көңілі қалағанды жеген адам артық салмаққа немесе басқа да сырқаттарға тап болады да, асқазанның құлына айналады. Кім жалқаулық танытып, оқудан, жұмыстан бас тартса, көшедегі бейшаралардың қатарына қосылады. Темекіні серік еткендер жастайынан түрлі кеселдерге душар болуда. Ішімдікпен дос болғандардың ауруы бір бөлек, әйелі мен бала-шағасының бақытсыздығына себепкер атануда. Адам онсыз да құл болып шыға келді.


Көп «қожайын» мен бір Алла

Шынайы бақыт – Алла Тағаланың берген аманатын – тәнді, отбасын, дарынды, денсаулықты, өзгелерге деген сезімді барынша аялау. Бостандық деген – өз нәпсіңнің, құмарлығыңның соңынан еру емес. Қызық естілсе де айтайын, өзімшілдігінен бас тартып, Алланың құлымын деп жариялаған адам әрдайым тәуелсіз болады. Екінші жағынан, ешбір күш-қуаты жоқ көп «қожайынға» бағынған дұрыс па? Ұлылығы шексіз бір Аллаға құл болу ма?«Алла өзара келіспейтін бірнеше қожайыны бар бір кісі мен тек бір ғана қожайынға бағынышты басқа кісіні мысалға келтірді. Мысал тұрғысында бұл екеуі тең бе? Барлық мақтау – Аллаға. Бірақ олардың көпшілігі білмейді». («Зумәр» сүресі, 29-аят).

Алланың құлы басқа бір іс түссе соңғы мүмкіндікті пайдаланғанын біледі де, қайғырмайды, ары таза болады, күдік пен күмәннан арылады, дүние үшін қам жемейді, өмірі мәнді бола түседі. Ол енді өз нәпсісінің құлы болмайды. Және өзіне қажет нәрсесін Алладан сұрап алады. Алланың бұйрығына бағыну – адамға пайда әкелмесе, ешқашан зиян әкелген емес. Себебі, бұл тыйымдар мен бұйрықтар адамды бақытты ету үшін жасалған және әрбір құлшылықта адамға тиімді даналықтар бар. Оның соңғы аялдамасы – мәңгілік жәннат болмақ.


Аллаға құл болу дегеніміз...

Махаббат

Әлемдердің Раббысының құлы болу – Оны жақсы көру. Оны жаратылысына қарап, ой жүгірту арқылы жақынырақ танимыз. Адам Оның игіліктері мен нығметтерін шынайы түсінгенде еріксіз жақсы көретін болады. Сондай-ақ, оның Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) еру, сүннетті серік ету – Аллаға деген махаббатымыздың көрінісі.

Бойұсыну

Алланың құлы болу – Қасиетті кітапта айтылған бұйрықтарға бойұсыну. Егер сіз Алланың шын жақсы көрген болсаңыз, бұл бұйрықтарды орындау өте оңай болады және жаныңызға қуаныш сыйлайды. Себебі, адам жақсы көретініне орнына ештеңе сұрамастан ең жақсыны беруге әрдайым дайын емес пе?

Ықылас

Алланың құлы болу – барлық нәрсені Алла разылығы үшін жасау. Бұл сөзде үлкен мән жатыр. Әдетте аузымызға: «Мен мұны Алла разылығы үшін жасаймын» деген сөзді жиі аламыз. Мәні мен мағынасын жеткілікті дәрежеде түсініп жүрміз бе? Біз бір игі іс жасасақ, адамдарға жариялап, міндеттсінбейміз. Себебі, іс – олар үшін емес. Ықылас кейде мынадай жағдайда анықталады. Сіз бір қайырлы іс жасадыңыз, бірақ адам оны бағаламады, алғыс та айтпады. Сонда сіз құлазып, ол істі аяқсыз тастап кетпейсіз. Алла Тағала кейде адамды сынаққа алады. Шынайы мұсылман кез келген жағдайда ықыласын жоғалтпайды. Қиындық жоқ кезде жақсы болу оңай, ал жақсы көрмейтін, түсінбейтін адамдардың арасында ықыласты болу қиын-ақ. Осындайда: «Мен бәрібір де Алла жақсы көретіндей жасаймын, себебі, Оның мені көретінін, еститінін білемін» деу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ықылас барда адамдардың көзқарасы, ойы маңызды емес. Олар ілтипат білдірсе жақсы, білдірмесе, сауап алып кете бересіз. Адам істерімен емес, Алланың разылығының арқасында жәннатқа кіреді. Сондықтан, кез келген құлшылық үшін ең үлкен сый – Алла разылығы болмақ.

Сенім

Алланың құлы болу – Жаратушыға сену, тәуекел ету. Біз Алла Тағаланың бергені ең жақсы екендігіне сену керекпіз. Алла Тағала дұғамызға жауап бермесе – мұнда да қайыр бар. Ізгі адамдар: «Уа, Жаратушы! Мен өзіме ненің жақсы екендігін білмеймін, тек Саған ғана тәуекел етемін, екі дүниеде де мен мейіріміңе бөлей гөр!» деп дұға жасаған екен. Адам Аллаға тәуекел еткенде ана омырауынан қорек алатын сәби секілді болу керек. Нәресте ана сүтінен басқа тамақ көзін білмейді, біз де барлық игіліктің Алладан екендігіне дәл солай сенуге тиіспіз. Өзіңді және ісіңді Аллаға сеніп тапсыру – тәуекелдің кемелденуі.

Исламдағы адам бақытсыздық деген нәрсені білмейді. Сол секілді Алланың шынайы құлы болған адам да – екі дүниеде де қуаныш пен шаттыққа ие болмақ. Егер, біз бұл бақытты сезіне алмай жатсақ, Алла немесе Оның кітабы яки Пайғамбар емес, шынайы құл бола алу қолымыздан келмеген өзіміз кінәліміз. Мұндайда иманыңызды күзетіңіз, біліммен сусындаңыз!


Гульфару ТӨЛЕН

 
 
 

Комментарии


Пост: Blog2_Post

©2018 by Тұранның жедел жаршылары. Proudly created with Wix.com

bottom of page