Күнделікті өміріңізді бір сәт көңіл айнасынан өткізіп көріңізші…
Тілек тілеусіз өткен, ең болмаса, бір күніңіз бар ма?
ТІЛЕК – іс-әрекетіңді сезінуге, оған жауапкершілікпен қарауға, әр қадамыңды (ой-санаңды) саналы түрде басқаруға және күтілетін нәтижені алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
«Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын?», – деп Абай ақын айтқандай, дүниеге келіп, адам деген атқа ие болған саналы тіршілік иесі барынша қателеспеуге тырысып, салиқалы амалдар жасауға ұмтылуы парыз. Ұйқыдағы адам мен ояу жүрген адамның арасында айырмашылық қандай болса, ойланбай іс қылатын адам мен әр әрекетіне жауапкершілікпен қарайтын адам арасындағы айырмашылық тап солай.
Жазушы Рой Бредбридің «Вино из одуванчиков» атты шығармасында 12 жасар баланың санасының ояну сәті әсем суреттеледі: тоғайда аяғына шырмауық оралып құлап қалып, бір сәт қиял әлемін шарлап, кеңістік-ғаламға саяхат жасап қайтқан бала, есін жиған бойда, кенеттен керемет ғажайып сезімге бөленеді. Көк шөптің танау жарған жұпар исін сезініп, шегірткенің шырылын естіп, сол сәт көзге көрінбес көп жәндіктің тілін түсініп, ойша тілдескен баланың жан-жүрегін толассыз қуаныш кернеп, рахат сезімге бөленіп, жаратушыға шексіз рахмет айтып, алғысын жаудырады. «Мен – тірімін, мен – тірімін» деп толассыз күбірлеген жеткіншек, өзінен өзі «ал адамдар біле ме екен, өздерінің тірі екендіктерін?» деп сұрап, оған өзі тап сол сәтте «адамдардың басым көпшілігі ұйқыда жүр, олар – оянбаған» деп жауап береді.
Сананың сәулеленуіне әкелер қарапайым жол – НИЕТ тазалығы. Бір адам табиғатынан таза, пәк ойлы боп жаратылса, қатал тағдыр илеуінен өткен екінші адам сансыз сынақтан сансырап, кірлеген рухтан еңсесін көтере алмай, қиналады. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған жанның айналасындағы жақындары да зардабын тартады. Ниет, менің пайымдауымша, Алладан сұрап алар қасиет емес. Адам ниетпен туылады. Бұл тұжырым түсінікті болуы үшін «тән – қонақ, жан – мәңгі» концепциясы тұрғысынан қарау керек.
Заманымыздың заңғары, белгілі үнді мистигі Ошо дүниеден өтерінде өз қабіріне былай деп жазуды аманаттапты: «Туылмаған. Өлмеген. Бұл өмірге осындай мерзім аралығында қонақ болып, келіп-кеткен». Қазақтың халық әні «Сәулемайда» «..адамдар бұл өмірге қонақ екен» деген жолдар бар. Абай мен Шәкәрім шығармаларындағы жан мен тәннің арақатынасы және қызметі туралы ой толғамдар – осылардың барлығы мәңгілік жанның пәни өмір есігін қағып, қайта туылуын растайды.
Әсел ЕРТАЙҚЫЗЫ
Comments