top of page
Фото автораTURAN UNIVERSITY

«Тұран» – табыстылардың таңдауы

Сүйікті мамандық, жоғары оқу орны, студенттік өмір және жастық шақ. Адам өміріндегі ең басты, ең жалынды және ең қызықты сәттердің бірі дерсің! Мектеп қабырғасынан ұшып шыққаннан бастап әрбір жас жеткіншек ересек өмірге қарай қадам жасайды. Құлшынысың, ерік-жігерің алаулап тұрған шақта ең басты таңдаулардың бірін жасау қажеттілігі туады. Білім нәрімен сусындатып, жеткілікті тәжірибе алуға мүмкіндік беретін, тұлға ретінде қалыптасуға жағдай жасайтын жоғары оқу орындарының бірімен өзіңді байланыстырасың. Менің де осы таңдау тұрғысында бірнеше арман-мақсатым бар еді және олар қазіргі шындықпен мүлдем сәйкес келмейді.

Шытырманы көп шырғалаң жолды журналистика мамандығын мен тоғызыншы сыныпта-ақ мақсат етіп қойған болатынмын. Эфир, жаңалықтар, камера, репортаж – барлығы менің жаныма сондай жақын болып көрінетін. Он бірінші сыныпты аяқтап, емтихандарымды тапсырып болған соң еш ойланбастан аттың басын арманымның басты кейіпкері болған Алматы қаласына бұрдым. Талабы тасқындап тұрған жас бала неден қорықсын, бірден «журналистиканың Отаны» болған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне барып шығармашылық емтихан тапсырдым. Қуанышқа орай, екі емтиханнан да ең жоғарғы бағаны алып, тек нәтижелерді күту қалды. Дегенмен маған бұл университетте оқу бақыты бұйырмапты.

Бұндай сүрінуден кейін тағы да бағымды сынап көруге бел будым. Басқа да университеттерді қарастырған кезде өзгелерден өзгеше болып көрінген, жүрегіме жылы болған біреуін көзім шалып қалды. Өзіндік ерекшелігі мен стилі бар «Тұран» университеті – менің жасаған таңдауларымның ең дұрысы болды. Құжаттарымды өткізуге барған сәттен бастап бұл университетке ғашық болдым, әлі де махаббатым сарқылған емес. Осыншалықты ыстық сезімдердің себебі неде болуы мүмкін?

«Тұран» университеті – адамның миына сыймайтын үлкен мүмкіндіктердің ордасы. Оқуға түскен уақыттан бастап, университетті бітіріп шыққанша студентке әр түрлі таңдаулар, мүмкіндіктер, жеңілдіктер ұсынылады. Мемлекенттік грантқа іліге алмаған, жарқын болашаққа ұмтылған түлектер үшін «Тұран» таптырмас нұсқа. Он бір жылдық еңбегім үшін мен де төрт жыл бойы тегін білім алу құқығына ие болдым және осы үшін «Тұран» университетіне алғысым шексіз.

«Тұран» маған тек білім саласында тәжірибе беріп қана қойған жоқ, сонымен қатар жаңа адамдармен, талант иелерімен, өмірде өз орынын тапқан тұлғалармен, білімді ұстаздармен танысуға мүмкіндік берді. Университетім арқылы екінші отбасымды таптым, өмірге деген көзқарастарым өзгерді, өзгелермен тәжірибе бөлісуді үйрендім.

Мектеп қабырғасында белсенді болуға үйреніп қалған мен үшін Тұранның студенттік ұйымдары өте жақын болды. Бірінші курс басталған уақыттан «Enactus Turan» ұйымына мүше болып, бизнес, кәсіпкерлік сияқты ұғымдармен жақынырақ таныстым, топта жұмыс жасау қабілетімді дамыттым.

Иә, менің арман-мақсаттарым шындықпен сәйкес келмеді. Бірақ мен бұлай болғанына өкінемін деп айта аламын ба? Жоқ, себебі «Тұранның» маған бергенін өзге ешбір жоғары оқу орны бере алмайтынына сенімдімін. «Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!»- дейді Асқар Жұмаділдаев. Осы сөздер менің ең басты ұстанымым десем қателеспеймін, ал осы мақсатқа жету жолымды Қазақстанның ең жақсы университеттерінің бірі «Тұранда» өткізгім келеді!


Журналистика, 3-курс

Айым МАРАТ

7 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


Пост: Blog2_Post
bottom of page