Өмірде бәрі біз ойлағандай бола бермейді... Күтпеген жерден керемет қуанышқа кенеліп, бақыттан басымыз айналады. Кейде тосыннан тосқауылдар пайда болып, тығырыққа тіреліп жатамыз. Келісесіз ғой?
Әр атқан таңымызға шүкіршілік етіп, Жаратқаннан дұға тілеумен өміріміз өтіп жатыр. Болашаққа құрған жоспарларымыз бен асқақ армандарымыздың орындалғанын қалаймыз. Бірақ, бәрі бірден бола бермейтінін ұмытып, тым биікке қол созамыз да көз алдымыздағы үлкен мүмкіндіктерді байқамаймыз. Сәтсіздікке ұшырап, басқа шара қалмағанда ғана сол үлкен мүмкіндікті «соңғы» мүмкіндік ретінде пайдаланамыз. Ең өкініштісі, қателіктерімізден сабақ алмай «маңдайға жазылғаны сол болар», «бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» деп барлығын тағдыр «таразысына» салып бейқам жүре береміз. Ал мен мұның бәрін қайдан білемін, неге мұндай ой түйдім? Бұл менің басымнан өткен, маған таныс жағдай. Кейін қарап отырсам, жалғыз мен ғана емес, көпшілігіміз осылай жасайды екенбіз. Дер кезінде қолда бар алтынның қадірін білуді, басқа қонған бақ құсын ұшырып алмауды үйрену керек екен.
Үлкен өмірге қанат қаққанымда «Тұран» университетінің студенті атанамын деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Жоқ, мен өзгелер сияқты «қара шаңырақты» таңдаған жоқпын, дегенмен, Алматыға деген ыстық ықыласым осы қалаға алып келді. Барлығы өз ойлағанымдай болмаған соң, бастапқы уақытта сәл көңілім түскені рас. Бірақ, бір ұстазым айтпақшы, «оқу озаты синдромы» сыр беріп, дереу өз-өзімді қолға алып, сабаққа бар ынтаммен кірісіп кеттім. Санамызда қалыптасып қалған студенттік өмір туралы таптаурындарды бұзып, ғажайып сәттерді бастан кешіріп жүргенде бар үмітімді ақтаған университетімнің маған әлі де берері мол екенін ұқтым. Ұстаз деген ұлы атқа шынымен де лайық тұлғалардан білім алдым, таным кеңістігімді кеңейттім. Студенттік ұйымдарда аса қатты белсенділік танытпасам да, білім додалары мен сабағыма тікелей қатысты іс-шараларда, өзімді дамытуға арналған жобаларда бой көрсете алдым. Нәтиже болды. Әлемдік тіл – ағылшын тілі бойынша сөйлеу дағдыларымды қалыптастырдым. Яғни, шет тілінде сөйлеу үшін кедергі болатын комплекстерімді жойдым. Ең бастысы, университеттегі мұғалімдерімнің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген медиа-мектептің курсынан өттім. Елімізге танымал журналисттерден сабақ алып, әңгімелесіп, баспалар мен редакцияларды аралап, болашағымды елестеттім. Арнайы куәлік алдым. Бұл тек университет қабырғасындағы алғашқы жылымның жемісі. Мұнымен шектеліп қалмай, келер жылдарда бұдан да мықты белестерді бағындыратыныма сенемін.
Қалағанымыздай болмаса қалағанымыздан да артық қылып беретін тағдырдың тосынсыйы таңқалдырады. Кең шаһарға зор үмітпен келген ерке қызды есейтіп, өмірдің мәнін ұғындырған, тұлға болып қалыптасуымның негізін қалаған – Тұран! Қолыма бақыт кілтін ұстатып, көңілім қалаған есікке кіруіме жол ашқан және қайсыбіріне кірсем де алдымнан жарқын болашақ күтетініне кепілдік берген – Тұран! Дәл осы сәтте, өмірдегі ең маңызды екі таңдаудың бірі – мамандығымды және сол мамандықтың нағыз маманын даярлайтын оқу орнын қателеспей таңдағанымды түсіндім. Тұран – тағдырдың маған деген тосынсыйы! Тұран – бала шақтан болашаққа басқан алғашқы сәтті қадамым!
Сейтқалиева Еркеназ Амангелдіқызы
«Журналистика» мамандығының 3-курс студенті
Comentarios