Студенттік кез ерекше естен кетпес, жастық шағыңның алтын кезеңі іспеттес. Таусылмас күш-қайратқа толы, өмірге деген құштарлық, ғылым мен әлемді танудың ең шарықтау кезеңдерінің бірі. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, алғаш «Тұранның» есігін ашып, табалдырығын аттағаным күні кешегідей әлі есімде. Бала шақтан болашаққа қадам басуым дәл осы университет қабырғасында да жүзеге асқандай. Жаңа орта, жаңа достар, қызығы мен шыжығы қатар келген сәттер, өздігіңнен шешім қабылдап үйрену, тұлға болып қалыптасуым танымы биік Тұранның қабырғасында іске асты. Балмұздақ кезге еніп кетуім, жаңа ортадағы өмірім, тынысым қалай болады деп қорқынышым сейілмей келгенде, өз тобыммен, болашақ әріптестеріммен танысу үрдісім мен ойлағаннан оңай болды. Қара шаңырағымыз болған «Тұран» университетінің 4 жылдық грантын иеленіп, балмұздақ атанған тамаша сәттердің көзді ашып жұмғанша өте шыққандығын ұқсам, қимастық сезімі болатыны шындық. Алайда, оқу орнының үш жыл қатарынан берген білімі, адами тұрғыда көзқарасымыздың қалыптасуы, жан-жақты жетіліп шығуымызға септігі мол.
Құрылғанына 30 жыл уақыт болған “Тұран” университеті Қазақстандағы ең алғашқы жекеменшік ЖОО болып табылады. 24 мамандық бойынша экономикалық, гуманитарлы-заң және “Кино және теледидар академиясы” факультеттерінде қажетті бағыттар бойынша білім береді. Университетте мемлекеттік гранттан бөлек, талапкерлер ректор грантына үміткер бола алады. Оқу озаттары қазақстандық, шетелдік компаниялар мен ұйымдардың шәкіртақы иегері болу мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, «Тұран» университеті Польша, Ресей, Түркия, Қытай, Литва сынды әлемнің озық елдерімен серіктестік орнатып, студенттердің алмасып оқуына жағдай жасады. Осының барлығы студенттерге қазіргі қоғамның бәсекеге қабілетті ортасында жұмысқа орналасу және даму үшін сапалы білім беруге мүмкіндік береді.
«Тұран» университеті арман, мақсаттарын жетелеп келген, өздеріне сенімді, жетістікке ұмтылатындардың ордасы. Осы алып білім ордасының алғашқы білім күнінен бастап менің өмірімнің жаңа парағы басталды. Алматы сынды алпауыт мегаполисте ЖОО студенті болу арманым шындыққа айналды. Өмірімді өзгерткен жаңа жағдайлар, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп, жанымдай жақыныма айналған құрбы-достар таптым. Алғашқы сәттен бастап бар қолдауды көрсеткен «Тұран» университетінің барлық мүмкіндіктерін, ыңғайлы атмосферасын, толасыз білімін ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Іргесін қалаған сәттен бастап өз орнын айқындаған Тұран университетінің болашақта бұдан да зор жетістіктерге жететініне сенімім мол.
Журналистика 3-курс
Максотова Дина
Comments