Ел боламын десең - бесігіңді түзе.
Мұхтар Әуезов
«Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қазақтың ұлағатты тәрбиеге арналған сөздерінің мән-мағынасының астарында тек қана отбасы тәрбиесі емес, ұлт тәрбиесі де жатқанын аңғаруға болады. Қазақ ұлты әрқашан бала тәрбиесіне баса назар аударған: мұны балаға, тәрбиеге, отбасыға арналған мақал-мәтелдері мен нақыл сөздері дәлелдейді. Бала анасының құрсағына енген мезетте қазақ халқы ананың денсаулығынан бастап, сөйлеген сөзге дейін зейін қойған, себебі балаға жан біткен сәттен сәбидің санасы қалыптасып, болашағына бастау алатын түп тамыры деп есептеген. Мысалға алатын болсақ, ұлы Абайдың Абай болуы Құнанбайдан ғана емес, анасы Ұлжан, әжесі Зеренің бауырында ер жетуінен десек те қателеспейміз. Оның анасы Ұлжан бала Абайды дәретсіз емізбеген, әжесі Зере ақылын айтып, тәрбиеге толы мәні бар ертегілерді бойына сіңіріп өсірген. Сонымен қатар, дәл қазақ халқы сияқты сәбиге есім беруге аса қатты назар аударатын халық жоқ шығар, себебі бұл тек қана ұлтымызда емес, дінімізде де зейін қою керек дүние екені ескертілген. Сондықтан балаға қандай есім берілсе және ол есімнің мән-мағынасы жақсы не жаман болса, бала тағдыры да есіміне сай жазылатынын өте жақсы білген. Халқымыздың «не ексең, соны орасың» деген сөздері де бос емес: әр бала – ата-анасының айнасы, сондықтан оның қандай азамат болуы және еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктің қаншалықты мықты болуы тікелей ата-анаға байланысты. Сәби өз отбасында қандай тәрбие көрсе, есейгенде де сол тәрбиесінің жемісін береді. Бала тәрбиесінде тек қана жақсылық беріп қана қоймай, шалыс басатын отбасылар да бар. Осыны Абай өзінің оныншы қара сөзінде айтса керек: «Әуелі балаңды өзің алдайсың: «Әне, оны берем, міне, мұны берем» деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің? «Боқта!» деп, біреуді боқтатып, «кәпір - қияңқы, осыған тимеңдерші!» деп, оны мазаттандырып, әбден тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде, молданың ең арзанын іздеп, хат таныса болады деп, қу, сұм бол деп, «пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді» деп, тірі жанға сендірмей жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?». Ата-ананың қайырсыз болуы баланың да қайырсыз болуына әкеп соғатыны анық. «Отан-отбасыдан басталады» дейді қазақ, алайда осындай отбасылар бірнеше отбасының негізі болып, қоғамның құрып кетпеуіне кім кепіл? Қазіргі қоғамда кейбір ата-аналар телефоннан бас алмай, баласына кітап оқы, сабағыңды істе, еңбек ет деп жекіп жатады, ал өзі істемегенді баласына қалай істетпек? Баланың «өздері де телефон қарайды ғой, неліктен маған болмайды?» деген сұрақтарына «мен көрерімді көріп, жасарымды жасадым» дейді, алайда бала айтқанды емес, көзбен көргенді істейтінін ұмытпағанымыз жөн. Қоғамда «Мына жексұрын кімнің баласы? Мынадай тәрбие берген қай ата-ана?» деген қарғыс сөздерге тап болмас үшін баланың тәрбиесі қашанда биік болмақ. Сол себепті баланы бес жасқа дейін патшадай көріп, он үш жасқа дейін құлдай жұмсап, он үштен кейін сырласу қажет. «Он үште отау иесі» деген сөзді қазақ бекер айтпаса керек. Дүниеде біздің халықтай он бесте бір қоғамның азаматы қылып шығаратын халық жоқ шығар, сірә.
Журналистика факультеті 2-курс
Бектурова Фариза
Comments