«Тәртіпсіз ел болмайды тәртіпке бағынған құл болмайды». Б.Момышұлы.
Ең бірінші білімге емес, тәрбиесіне қараған халықпыз. Бала дүниеге шыр етіп келгеннен бастап, ата-ана бала тәрбиесімен айналысады. Айналасымен таныстырып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіреді. Біз ертеңіміз үшін, жарқын болашағымыз үшін балаларымызды дұрыс тәрбиелеуіміз қажет. Өйіткені ертеңіміз жастардың қолында ғой. Тәрбие тал бесіктен басталады. Олай дейтін себебеміз де бар: баланың анасы баланы бесікке бөлеп отырып, өзінің баласына деген махаббатын, тәрбиесін өзінің әлдиімен жеткізеді. Осы бесік жырының маңызы аса зор. Ол ұлттық дәстүрлерді, адамдық қасиеттерді, адамзатқа тән барлық жақсылықтарды баланың бойына бесіктегі кезінен бастап сіңіреді. Сондықтан "Тәрбие басы-тал бесік" деген ұғым қалыптасқан. Бірақ қазіргі уақытта сол берген тәрбиені ақтамай, ата-анасының беделіне, берген тәрбиесіне кір келтіріп жүрген балалар қаншама. 90-жылдары «Бригада» телехикаясын тамашалаған көптеген жасөспірімдердің сол кинодағы басты кейіпкерге еліктеп, бұзақылық жолын таңдағанын естідіңіз. Тіпті артынан телехикаядағы «Саша Белый» есімді ең басты кейіпкерді сомдаған атақты актер Сергей Безруковтың аталмыш тедехикаяның екінші кезеңіне түсуден бас тартқанын да естіген шығарсыз... «Жастарға жаман өнеге бергім келмейді» деді. Біздің қоғамда да осындай дерт бар. Адамдар өздеріне бір лидер тауып алады да, көрсоқыр түрде соңынан еріп кете береді. Мәселен Еуропалықтар лидерге емес, заңға баса назар аударады. Германияның заңына «Қазақтарды жақсы көру керек!» деп жазып қойсаң, олар жек көріп тұрса да, жақсы көруге тырысып, ақыры жақсы көріп кетер еді. Өйіткені олар заң сүйер қауым. Ал біздер, яғни Орта Азиядағы мемлекеттер, үнемі лидер іздейміз. Қай сала болса да, бір ерекше адамды тауып алып, соның соңынан еріп кете береміз. Бұл жерде де тәрбиелік мән жатыр.
Жақында Ақтөбе қаласында болған жасөспірім балалардың қақтығысының арты өлімге апарып соқтырды. Чемпион баланы тапаншамен өлтірді. Не деген зұлымдық десеңізші?! Осыншама зұлым болатындай еліміздің жастарына не болған? Бір-бірімізді өлтіріп жатсақ біздің айуаннан қай жеріміз кем? Ақырзаманның белгісі ме бұл? Жалпы осы жағдай туралы әлеуметтік желілер біраз шулады. Посттардың астындағы пікірлерді оқысам, бәрі бірдей ата-ананы кінәлап жатыр. Меніңше, бұл дұрыс емес. Ешқандай ата-ана баласы жаман болсын, біреуге жамандық жасасын немесе ұры болсын деп тәрбиелемейді ғой. Барынша жақсы нәрселерге үйретеді. Бұл нәрселерге қоршаған ортасы, баланың өзі кінәлі деп ойлаймын. Кейбір балалар кинодағы нәрселерді көріп, қиялданып, тіпті, соңында не жасап қойғандарын түсінбей жатады – бұл нәрселерді де айта кеткен жөн. Халқымыздың даналығында «Баланы жастан» деген сөз бар. Сондықтан тәрбиенің тал бесіктен басталатынын ескерсек, ата-бабадан келе жатқан ибалық пен инабаттылықты өзіміз түпкілікті түсініп, балаларымызға сол тәрбиенің нәрін сіңіре білсек, бұл қазіргі заманда бала тәрбиесіне қосқан біздің қомақты үлесіміз болып табылар еді.
Журналистика факультеті 2-курс
Арыстанбаева Аягөз
Comments