Әке мен анаға деген махаббат – ең таза, ең кіршіксіз махаббат. Олардың алдындағы парызымызды қандай жолмен болса да өтей алмасымыз анық. Халық қайғысын жыр еткен жыраулар да, ғылымның қиын жолында еңбек етіп жүрген ғалымдар да осы ата-ананың құлаққа сіңген тіртібімен өсіп-өнді емес пе?! Талай ақынның поэмасына, өлеңіне арқау болған ана тақырыбы, әке-шеше тақырыбы менің де көңілімді толқытады.
Қайғысы мен қуанышы қатар жүретін өмір өтеді, көп нәрсеге көзіміз жетіп, неше түрлі адамдарды кездестіреміз... Басымыздан түрлі жағдайлар өтеді. Айырылмастай досым деп жүрген жанмен де достығың үзіледі. Сонда «шындық, шынайылық қайда?» деген сұрақ туындайды. Шындық, ол біздің – ата-анамыз. Ата-анамыз ғана қиын сәтте жаныңнан табылып, қолдау көрсетеді. Иә, ата-анамыз да мәңгі бірге болмайды, дегенмен олардың жүрегі мәңгі бірге, Мейлі бес, мейлі он ғасыр өтсін, ата-ананың орнын ешкім баса алмайды, олар сыйлаған мейірім мен махаббатты ешкім сыйлай алмайды. Ата-ананың перзентіне деген, перзенттің ата-анаға деген махаббаты шексіз алмаз тәріздес. Осы шексіздіктің арқасында біз бақытты ғұмыр кешеміз.
Ең өкініштісі әрі осы тұстағы назар аударарлық жайт мынау: қазіргі қоғамда ата-анасын адам құрлы көрмейтіндердің санының артуы. Осы нәрсе мені қатты қынжылтады. Кейде анасына жекіріп, жерден алып, жерге салып жатқан адамды көргенде «Әй, досым, тіліңді тарт, не болса соны айта берме, ойлап сөйле, астын-үстін сөйлеме»,- деп айтқың келеді. Айтасың да, бірақ, ақыр соңында өзіңді қалай «дұрыс емес» етіп шығарғанын байқамай қаласың. Себебі, анасы да баласын жақтап шыға келеді. Ана жүрегі кең ғой, шіркін! Амал нешік?! «Интернетсіз күнім жүк» деп әлеуметтік желінің торына түскен бала кінәлі ма? Әлде сәйгүліктей әлеумет кінәлі ме? Қайсар қала баласының анасына мұнша қорлық көрсетуіне не себеп болды? Осы сауалдарға жауап іздей жүріп, біраз ойландым. Ойлана келе, мен жеңілгеніме мойынсындым. Бар қолымнан келетіні - келешек өскелең ұрпақты дұрыс тәрбиелеу екенін ұқтым. Бір түсінбейтінім, жастайынан «сақ бол, аулақ жүр»,-деп ескертіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мәпелеп өсірген ата-ананы неге қинайды екен?! Байғұс жандардың сенің амандығыңды тілегеннен басқа не жазығы бар?! Сезімсіз жүрек болмайды ғой. «Тіл –көңілдің тілмашы»,- демекші, жылы-жылы сөздермен оларға деген ықыласыңды білдірсең көңіл-күйлері қалай көтеріліп қалатынын білсең ғой... Әлі де кеш емес, ойланайықшы, достар. Ата-анамыздың қадіріне көздері тірісінде жете білейікші. Мен де бір ата-ананың перзенті, үкілеген үмітімін. «Құдай қосса жұртымның, ақтармын осы жол сүтін».
Еркеназ Амангелдіқызы
Commentaires