Адамзат мүмкіндігінің шексіздігін дәлелдейтін ғарыш саласын игеруде тек ерлер емес әйелдер қауымының да қосқан үлесі зор екендігін бірі білсе, бірі біле бермейді. Мұның айқын дәлелі ретінде АҚШ-тың «Меркурий» алғашқы ғарыштық бағдарламасының жүзеге асуына аянбай тер төккен Кэтрин Джонсон, Дороти Воган, Мэри Джексон атты нәзік жандыларды атауға болады. Әрқайсының өмір жолы, ғарыш саласына сіңірген еңбегі тағылымды тарауларға толы кітап іспеттес. Бастысы олар тек өз істерінің үздіктері ғана емес, NASA ғарыштық ұйымында жасырын қызмет атқарған қара нәсілді арулардың жарыққа шығуына бірінші болып батыл қадам жасады.
Кэтрин Джонсон – физик және математик қызметін атқарып, әуе сапарларының траекториясы мен қайту жолдарын асқан дәлдікпен есептеген. Дороти Воган – талдау және есептеу бөлімінің қара нәсілділер арасынан шыққан алғашқы басшысы болса, Мэри Джексон бас инженер қызметін атқарды. Д.Воган мен М.Джексонға дүниеден озғаннан кейін АҚШ тарихына елеулі үлес қосқан азаматтарға берілетін «A Congressional Gold Medal» марапаты тағайындалды. Америка Президенті К.Джонсонға көзі тірісінде аталған марапатты табыстау жөніндегі заңға қол қоюды бұйырды. Президент Д.Трамптың бұл мәлімдемесі CNN ақпараттық порталында жарық көрді. https://edition.cnn.com/2019/11/09/us/hidden-figures-congressional-medals-trnd/index.html
Осылайша ғарышқа жол салған үш бірдей жұлдыз лайықты бағасын алып, халық қошеметіне бөленді. Сондай-ақ күні кеше NASA ғарыштық ұйымы адамзат тарихында алғаш рет тек әйел азаматшалардан құралған экипажды ғарышқа аттандырды. Демек әйелдер қауымының болмысы нәзік болғанымен, таланты мен тоқтаусыз еңбегінің арқасында ғарыш әлемін де бағындыра алады. Бұл жандар бірінші болып өз сара жолынды салудан қорықпау керектігіне тағы бір мәрте айқын мысал бола алды.
Айым Еркінбекқызы
«Журналистика» мамандығының
2 курс студенті
Comments