Әр қазақтың шаңырағында көк жәшіктен көрсетіліп жатқан ойын-сауықтық бағдарламалар мен толастамайтын шетел телехикаяларына қарап, журналистиканың бүгінгі келбеті осындай ма әлде жер-жаһанның жағдайы тұрақты болғаны соншалық көтерілетін мәселенің жоқтығы ма деген сұрақтар мазалайды. Осы тұста Ресей басылымдарының біріндегі “Была советской, стала светской” деген тіркес еріксіз ойға оралады. Ату шулы адамдар мен танымал тұлғалардың жұлдызды өмірінің көлеңкесінде қалып қойған қоғамға керек бағдарламалар жайлы сөз қозғаған жөн. Сөздің төркінін төл тарихтан бастар болсақ, әлі күнге дейін тарих жайлы атын атап, түсін түстер бағдарлама жоқ. Бұл жағдайда газет пен журнал беттеріндегі тарихи айдарлар мен мақалалар құтқарады. Экранда тұрақты көрсетілмейтін мәселенің бірі – ұлттық дәстүр. Неге біз жылына бір рет "Наурыз" мейрамында ғана қазақтың бар болмысын көрсетер ұлттық киім мен құндылықтарды көріп сүйсіне аламыз? Қазақтың әр жауһарының тарихын тереңнен ақтарар болсақ, мағыналы керемет жоба болар еді. Осыдан халық арасында ұлттық киім мен дәстүр десе тек "Наурыз" мерекесі еске түсетін стереотип қалыптасқан.
Ауыз толтырып айтарлық кезекті мәселе қазақ журналистикасындағы жаһандық сипаттың жоқтығы. Отандық арналарда әлем жаңалықтарын халыққа жеткізер мардымды ақпарат жаршысы жоқ. Біздің елден тыс дүние жүзінде не болып жатқанын, адам қолымен жасалған әрекеттердің табиғатқа тигізіп жатқан залалы жайлы айтып дабыл қағу — әрбір журналистің кәсіби міндеті. Жылтыраған жаңалықтардың зонасынан шығып, зерттеу мен іске көшетін сәт әлдеқашан жетті емес пе? Қазақ аналитикалық журналистикасына мағыналы сюжет дайындап, оқиғаны бүге-шүгесіне дейін зерттейтін бәсекеге қабілетті журналистер ауадай қажет. Себебі, БАҚ-тың міндеті – дамыған әлемде керек деректі сүзгіден өткізе алатындай етіп, қарапайым халықтың ақпараттық сауаттылығын арттыру.
Айым ЕРКІНБЕКҚЫЗЫ
"Журналистика" мамандығының 2-курс студенті
Comments