Қазақ қызы қайда кетіп барады?
- TURAN UNIVERSITY
- 7 нояб. 2019 г.
- 2 мин. чтения

Қазақ қызы –сұлулық пен нәзіктікті, ақыл мен қайсарлықты ұштастырып тұрған аяулы жаратылыс. Биязы да кербез, көрікті де мінезді, шырайлы жүзіне шуақ тұнған намысты қазақ қызы. Бұл – халқымызда ертеден қалыптасқан қазақ қызының кәусар образы.
Халқымызда қашаннан қыз баланың орны айрықша болған.Әр ата-ана қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіруді парыз деп санап, қыздың ары- ердің намысы екенін естен шығарған емес. Бүгінгі қызғалдақ қыз баланың ертеңгі ибалы келін, аяулы жар, ардақты ана боларын құлағына құйып өсірген. Иманы мен ибасы жүзінен байқалатын қазақ қыздарына қырық үйден тыйым салып, «қыз –қонақ» деп , ерекше сыйлаған. Бүгінгі таңда «қыз – өріс» пен қадірлеген қаншама қаракөздеріміз «өрісімізді кеңейтіп», мұхит асып, өзге ұлт өкілдерімен көңіл жарастыруы көбейіп келеді. Қыздарымыз ұлтқа, текке қарап емес жан қалауы мен жүрек соғысына қарап таңдау жасап жүр. Соңғы кездері осы мәселе қоғамда қызу талқыланып, ұлттық дертімізге айналып бара жатқандай. Бұл ұлттың, діннің, тіл мен қан тазалығының әрі намыстың мәселесі.
Ұлттың жаманы жоқ. Алайда, әрбір ұлттың өз ұстанымы, ділі мен діні, әдет- ғұрып, салт- дәстүрі бар. Шетелге тұрмысқа шыққан қыздарымыз бірте- бірте ана тілінен, дінінен, салт- дәстүрінен, ұлттық болмысынан ажырай беретіні өкінішті. Айдай сұлу аруларымыздың балаларына бесік жырын айтып, әлдилейді дегенге сену қиын. Ата салтымызды, керемет дәстүрлерімізді қастерлеп сақтайды деп құр қиялға берілудің де жөні жоқ.
Қазақта жеті атасына дейін туыстық қатынаста болмаған, ана сүті араласпаған жастарға – үйленуге жол ашық болған. Бірақ, жеті атаға толмай қыз алыспау шарт. Бұл- ұрпақ саулығын, қан тазалығын, тектілікті сақтаудың ұлы жолы. Аруларымыз бұл мәселені де шетке ысырып қойғандай. Бұл тек салт- дәстүріміз ғана емес, ұлт пен ұрпақ саулығының кепілі емес пе? Таяқтың бір ұшы тәрбиеге келіп тірелері айдан анық. Себебі, бойында қазақылығы басым қыз бала, өтпелі сезімге алданып, мұндай қаламға бармайды. Отбасында баланың бойына қазақы тәрбиені сіңіріп, санасына ұлттық құндылықтарымызды құйып өсірудің маңызы өте зор. Әр отбасы қызына қаршадайынан имани тәрбиені, ұлттық сананы барынша тереңдетіп сіңіруі тиіс. Бұл арада ата-ананың парызы мен қарызы бәрінен де маңызды. Ұлттың қызын- ұлт анасы ретінде қастерлеп оған иманды болуды, ұлтын сүюді, отанын қорғауды үйрету керек. Себебі, саналы ұрпақ – сапалы ұлт болуымыздың кепілі. Қыз баланың тәрбиесінде ананың алар орны ерекше екені белгілі. Ұрпақтың текті болуы, тәрбиелі болуы тікелей анаға байланысты. Ата – бабаларымыздың қыздың түрі мен сымбатына емес, әуелі тектілігіне мән беруі көп нәрсені аңғартса керек.Дініне, ұлтына адал иманды қыз өзгенің таңсығына да, қаңсығына да көз сатпайды. Иман мен сенім берік болса ұрпақ адаспайды.
АЙЖАН НҰРТАЗА
Comments