Спорттың қай түрі болмасын адамзат үшін пайдалы. Солардың ішінде тек пайдалы ғана емес, ерекше, өзіндік мәнері мен өзіндік кеңістігі бар спорт түрі - мәнерлеп сырғанау. Мұз үстінде мың бұрала билейтін спортшыларға қарап көз құмарың қанбайды. Бұл спорт түрі алғаш рет Ұлыбританияда пайда болған. 1763 ж. Лондонда Б.Вест мәнерлеп сырғанаудан алғаш рет өнер көрсеткен екен. Ал Қазақстанда алғашқы жарыстар 1957 жылы өтті. Қазақстандықтар арасында жұптасып сынға түсуден Е.Стекольникова мен Д.Казарлыга 1996 ж. Харбинде өткен III Қысқы Азия ойындарында алтын, ал 1996 жылы Кореяның Кангвон қаласында өткен IV Қысқы Азия ойындарында М.Халтурина мен Е.Крюков күміс жүлдені еншіледі. Ал 2014 ж. 15 ақпанда Сочидегі қысқы олимпиадада Денис Тен Қазақстан тарихындағы бұл спорт түрінен алғашқы медаль - қола медальды жеңіп алды. Бүгінде әлемдік додаларда бақ сынап жүрген, біздер әрдайым шын жанкүйер болатын спортшыларымыз бар. Алайда, Қазақстанда бұл спорт түрі ақсаңдап тұрғаны да жасырын емес. Қазір мәнерлеп сырғанаушылар үйірмелері Алматы, Астана, Орал, Ақтөбе, Теміртау, Қарағанды, Өскемен қалаларында жұмыс істейді. Үлкен спортта жүрген соң спортшылардан халық үлкен нәтиже күтеді. Бірақ, Қазақстанда мәнерлеп сырғанауға бөлініп жатқан қаражат аз, сәйкесінше сырғанаумен айналысуға мүмкіндік те аз, жаттығу жеткіліксіз. Алматыда бір мұзда жиырма бала жаттығады. Ата-аналар баласының жаттығуын, мұз айдынның жалға алу құнын көтере алмайды. "Егер қаржы болса, балаларымызды мәнерлеп сырғанау жақсы дамыған Ресей, АҚШ және Канадаға жіберуге болар еді" дейді ата-аналар. Елде мәнерлеп сырғанаумен айналысқысы келетін балалар көп. Бірақ қаржы жоқтығынан көп талантты балалар 10-12 жасында спорттан кетіп қалады. Мәселен, 2011 жылы Азия ойындарына қатысқан Ксения Прилепко 16 жасында спортты тастап кетті. Себеп ата-анасында қаржы болмады. Мемлекет тек балалар әлемдік жарыста нәтиже көрсетсе ғана қаржы бөледі. Ал әлемдік жарысқа дайындалу және қатысу үшін де қаржы керек емес пе? Ал көршілес Ресейде спорт мектептеріндегі мұз айдынында жаттығу тегін. Елде бұл спорт түріне еш жағдайдың жасалмағандығына бірнеше дәлел келтіруге болады. Өткенге көз жүгіртер болсақ 2013 жылы Денис Тен Канадада өткен әлем чемпионатында күміс медаль алған. ISU (Коньки спортының халықаралық федерациясы) ережесі бойынша, әлем чемпионатында үштікке енген елден келер жылғы әлем біріншілігіне үш спортшы апара алады. Бірақ 2014 жылғы әлем чемпионатына Қазақстаннан Денис Тен мен Абзал Рақымғалиев қана барды. Мұның себебі Қазақстанда әлем чемпионатының нормативін орындаған үшінші спортшының жоқтығы. Қазақстанда қазір тегін мұз айдындары жоқ. Алматыда балалар мен жеткіншектерге арналған мектептер бар. Олар тегін сағаттар береді. Бірақ дәл сол уақытты пайдаланғысы келетін спортшылар көп. Халықтың көптігінен, онда қиын элементтерді қою, жеке бағдарлама дайындау мүмкін емес. Тағы да қайталағым келеді, мәнерлеп сырғанаудағы негізгі мәселе – мемлекеттік қолдаудың жоқтығы. Сондықтан қымбат спорт түрлерінің қатарына жататын мәнерлеп сырғанауға таланты барлар емес, ата-анасының ақшасы жететін балалар келеді. Айқын.кз сайты мәліметінше мәнерлеп сырғанаумен айналысуына айына шамамен 200-500 мың теңге кетеді. Мұз айдынын жалға алудың ең төменгі құны бір бала үшін сағатына – 3 мың теңге. Ал жақсы нәтиже көрсету үшін аптасына кем дегенде 12 сағат дайындалу керек. Одан бөлек, еңбегінің құны 5 мың теңгеден басталып, 25 мыңнан ары жоғарылай беретін жаттықтырушыға төленеді. Мәнерлеп сырғанауға салмақпен қарайтын балаға әр қимылын бөлек қоятын бапкер, хореограф, жалпы физикалық дайындық пен бас жаттықтырушы қажет. Бала бір кәсіби бағдарламаға дайындалатын кезде, мұзда одан өзге ешкім болмауы керек. Тегіс мұз айдынын жалға алу сағатына 60 мың теңге тұрады. Басқа қалада өтетін жарысқа барып келу шығыны мен жақсы костюм алу тағы да ата-ананың мойнында. Иә расымен, мәселе қаржыға келіп тірелгенде талант, талап, балалардың ептілігі мен қабілеті шетте қалып қоя ма деп ойлайсың. Бұл спорт түрінің елімізде кешеуілдегені емес, кемелденгені аса маңызды. Талай-талай әлемдік ареналарда мұз айдынының хас шеберлері еліміздің әнұранын шырқатып, көк жалауын көкке желбіретсе мұнан асқан бақ бар ма?! Дегенмен де біздерде үміт бар. Болашақта ел басшылығы спорттың бұл түрін қолдап, жігерлі жастардың рухын жасытпайды деп сенеміз.
Гулдана Ермекқызы
“Тұран" университеті
Comments