Қоғам. Біз де сол қоғамның бір мүшесіміз. Барлық адамдар бірігіп, бір қоғамды құраймыз. Ал үкімет басшылары, сот орындаушылары мен БАҚ өкілдері ше? Олар да қоғамның бір бөлігі ме? Неге көпшілік оларды қоғамнан бөліп қарастырады? Мұның себебін мен өздігімше саралап, таразыға тартып көрдім. Қазіргі таңда біздің қоғамда түрлі жағдайлар орын алуда. Тіпті күн сайын жаңа бір жаңалық естиміз. Күнделікті талқылауымызға түсетін түйткілдер де таусылмайды. Үйі, жұмысы өртенуде бірінің, ал екіншісінің жақыны қаза тапты, үшінші көлік апатына түсті, бірін тонады, бірі дәрігердің қолынан қаза тапты, біреу біреуге әлімжеттік жасады, бірі түнгі клубтармен сыраханларда есін жоғалтып елді елең еткізсе, бірі баласына киім, басына баспана таба алмай диуанадай ел кезіп кетті. Айтса айтқандай-ақ, жіпке тізген моншақтай біріне-бірі жалғасып кете береді. Осылайша басына іс түсіп, шақшадай басы шарадай болған жұрт әлбетте, шағымын айтып алдымен басшылық пен баспасөзге ат тірейді. Серделеңмен сенделгендерге қол ұшын созу, сеніп келгенде сеніміне дақ түсірмеу міндет емес парызымыз. Ал осындай маңызы бар БАҚ қазір немен айналысып, нені зерттеп, нені шешіп жатыр? Күнделікті құлақ қағысқа айтар арзан дүние көп. Міне, доллар бағамы кеше түсті, бүгін тұрақты, ертең өседі. Міне, қала мен дала игілігі үшін үкімет миллиардтап қаржыны бөліп жатыр. Тағы да міне дей келе шет ел жаңалықтарын саралайтынын қайтерсіз. Ал кешегі өгей әке, шешеден қорлық көрген қыздарымыз ше, олардың тағдыры не болмақ? Өз үйінің алдынан өз баласының өлі денесін тапқан, қазақтың ақ жаулықты анасының қазіргі хәлі қалай? Өршікпесе өлмейтін, күрмеуленіп ендігі шешілмеуге айналған мұндай проблемаларды қайтпек керек? Өкінішке орай бұл тек бірер мысал ғана. Жоқ, сөзі арзан, жұмысы жұғымсыз деп бас сала барша журналистер қауымын қаралай алмаймыз. Тек өзекті өртегені айтылғанның айтылып, жар салғанның жабылып қана қала беретіндігі. Көпшілікке көрсеткенін көгерте, мәселені жұртшылықтың жетесіне жеткізіп, жемтігін аңдыған қырандай айналып-толғанып, ақырында шешімін тауып, нүктесін қойса, қане. Қоғам онда бейқам күн кешері даусыз. Алайда, бірінің есін елітетін, ал бірі көрсе ат тонын ала қашатын, пайдасыз арзанқол жобалар эфирді жаулап, құмырсқаша қаптауда. Олардың пайдасыздығы былай тұрсын, қоғамда қате пікір қалыптастырып, ой-санаға кері әсер етуде. Ең сорақысы, мұндай дүниелерге кәсіби журналистер мен тілшілердің бір кісідей ат салысатындығы. Қоғамға мұндай жайлап енетін кеселдерді таратуға да, я бәрін аластатуға да журналистердің шамасы жетеді. Ендігі тілек бір, миллиондаған қаржы мен баға жетпес уақытты құмнан тұрғызылған қамалға емес, қоғамға қажетті құндылықтарға жұмсалса. Олай істемесек, соңынан сан соғып қалмасымызға кепіл жоқ.
Гулдана Ермекқызы "Тұран" университеті
Yorumlar