"Сериал басталды" дегенде ішкен асты жерге қойып, асыға теледидар алдына жүгіретін апа-жеңгелерімізді күнде көріп жүрген болармыз. Сондағы көретіні, үндінің бітер-бітпес, басы-аяғы жоқ, қиял-ғажайып сериалдары. Басқаны білмесе де, сол сериал туралы бəрін біліп отыратындар да баршылық. Өз тағдырын былай қоя тұрып, сол сериалдағы кейіпкердің тағдырына бірге уайымдап, жыласа бірге жылап, əйтеуір соған тілекші болып отырады. Кезінде "Ананди, Кəлани" деп жүріп, 3-4 жылда əрең бітіріп едік, енді "Абысындарды" көріп жүргенімізге 2 жылдан асты. Ол сериал жайлы айтсаң, тіпті ауызың көпіреді. Басы жақсы басталған бұл сериалды қазір көрсең көзіңнен айырылатындай деңгейге жеткен. Қиялға толы бұл сериалдың бас кейіпкерлері бір неше рет өліп, одан қайта тіріліп, біресе денелеріне бөтен біреу кіріп, одан қалса, бітпейтін дау,əйтеуір біреулермен күреседі де жүреді. Бір зұлым пайда болып, одан құтылды-ау дегенде екіншісі шығады. Бір бөлімін көріп қалсаң, жүйкең жұқарып, бірнеше жылға қартайып кеткендей сезінесің. Кезінде, сол үндінің фильмдері елімізге алғаш келген жылдары, біраз уақыт танымал болғаны рас. Қазір ата-аналарымыз сол кездің фильмдерін еске алып, біраз жастық шақтарына оралып та алады. Ол кездегі фильмдер, расымен мағыналы, астарлы, соңында бір ой қалдыратын фильмдер болатын. Ал, қазіргі ақылға қонымсыз үнділердің сериалдарының əкеліп жатқан зиянынан пайдасы азырақ болар.Қиял-ғажайыпқа толы бұл сериалдар үнділердің өз елдерінде оғаш болмаса керек, бірақ, біздің ұлтқа жат болмыс екені анық. Дегенмен,сол жат дүниені, еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін көретіні шындық. Сол ұзын-сонар бөлімді сериалға қыруар қаражат жұмсап, оны қазақ тіліне аударып, халыққа ұсынғаннан, сапалы, əрі пайдалырақ дүниені көрсеткеніміз дұрысырақ болар ма еді?! Дегенмен басталған дүниені соңына дейін көрсету, əрине, телеарналардың міндеті. Ендігі қолдан келер шара, тек сол сериалдың біткенін күтіп, орнына сапалы дүние шығарар деп үміттенуіміз ғана.
Əмина ЕРТАЙ
Алматы қаласы, «Тұран» университеті, журналистика
мамандығының 3-курс студенті
Comments