top of page
Фото автораTURAN UNIVERSITY

Үштілділік – заман талабы


Жеті жұрттың тілін біл,

Жеті түрлі ілім біл.

«Тіл – ұлттың жаны, халықтың үні» - демекші, тіл – қай ұлтта болмасын ең бағалы, ең қастерлі құндылық. «Туған тілім – тірлігімнің айғағы» - деп Ә.Тәжібаев жырлағандай, тіл – тұтас елдің тарихынан сыр шертетін, бүгініне негіз, келешегіне кепіл болатын басты құрал. Сондықтан, тілге аса құрметпен қараған жөн.

Заман талабына сай еліміз үштілді білім беру жүйесіне көшті. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу мен бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеуде үштілділіктің маңызы зор екені хақ. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуы тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» - деген сөзінен еліміз үшін бұл бағыттың ықпалы көрініп-ақ тұр. Расында да, ақпараттық технологиялардың қарыштап дамып тұрған шағында бір ғана тілмен шектеліп қалу, менің ойымша, ақымақтық болар еді. Өйткені, айналамыздағы техника атаулының бәрі де әлем елдерінің басым бөлігі сөйлейтін ағылшын тілінде беріледі. Алдыңғы қатарлы оқу орнына түсу үшін де ағылшын тілін білу міндетті. Ал орыс тілі болса, сонау патша үкіметінің отарлауынан кейінгі ата-бабаларымыздан бері қолданылып келе жатқан тіл. Екінші жағынан, орыс тілінің еліміздің білім саласының дамуына да қосқан үлесі зор.

Көп тіл білетін тұлғаға қоғамның да көзқарасы ерекше болары сөзсіз. Мысалы, жоғары оқу орнын енді ғана тәмәмдаған жас маман бірнеше тілді меңгерген болса, оны жұмысқа бірден қабылдайды. Одан бөлек, шет елге саяхат жасау барысында аудармашы ертіп жүрудің немесе сөздік ақтарудың қажеті жоқ, себебі сіз өзіңіз бірнеше тілді меңгерген жансыз. Мейлі, сол мемлекеттің ана тілін білмей-ақ қойыңыз, ағылшын тілін білсеңіз жетіп жатыр. Міне, көп тіл білудің артықшылығы осында.

Дегенмен, заман ағымына ілесіп, талапқа сай боламыз деп ана тілімізді де ұмытпағанымыз жөн. Әр нәрсені орнымен, уақытымен пайдалану керек. Үштілділікке көштік деп, аузынан ана сүті кетпеген баладан бастап шет тілдерін үйрету – ағаттық. Әлі санасы толық қалыптаспаған балаға ана тілін үйретіп, ана тілінде тәрбие беру керек. Өсе келе, қызығушылығы оянып, өзге тілдерді өзі-ақ меңгеріп алады. Баланы тәрбиелейтін ата-ана, қоғам. Сондықтан, алдымен ата-ана ана тілінде сөйлеу керек. Анасы «әлдимен» бесігін тербетіп, әжесі қазақша ертегімен сусындатқан баланың, ұлттық тәрбиеде өскен баланың болашағы жарқын болады. Оның дәлелі – әжесі Зере мен анасы Ұлжанның тәрбиесін көрген ұлы Абай атамыз. Еліміздің ертеңі – келер ұрпақ Абай сынды дара да дана болса несі жаман?! Көрдіңіз бе, ұлттық құндылықтарымыз болса ғана еліміздің ғұмыры ұзақ болмақ. Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, т.б. ірі тұлғаларды айтпағанда, бер жағы Иманғали Тасмағанбетов тіл туралы былай деген болатын: «Тіл бар болса қазақ бар, тіл жоқ болса қазақ жоқ. Бітті... Басқа формула жоқ бұл мәселеде». Егер ең алдымен, ана тіліміздің мерейін асқақтатпасақ елдігімізден айырыламыз. Елдігіміз болмаса, ұлтымыз құрыса бірнеше тіл білгеннің пайдасы қанша?! «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» - деп бекер айтылмаса керек-ті, сірә. Тіл мәселесі өте ауқымды. Жастар арасында, қоғамда мемлекеттік тіліміздің орыс тілінің көлеңкесінде қалып бара жатқаны бәрімізге белгілі. Орыс тілінің жеңілдігі ме, әлде қоршаған ортаның әсерінен бе, әйтеуір бәрі сол тілге құмар-ақ. Дәл солай қазақ тіліне сүйіспеншілік танытып, жанашырлық көрсететіндері бірең-сараң. Үкімет басындағылар да мемлекеттік тіліміздің дәрежесін көтереміз деп отырып, өзге жиындарында орысша сайрап отырады. Алдыңғы лек қалай қозғалса, көш солай жүреді емес пе?! Алдымен билік басындағылар қазақша сөйлеп үлгі көрсетпесе, ұлтымызды қалай тәрбиелемекпіз?! Мұнымен мен орыс тілі керек емес демеймін, жай ғана өз тіліміздің тағдырына селқос қарамаған жөн деп есептеймін.

Үштілділік – заман талабы. Әлем сахнасынан көрініп, айшықты орын алу үшін көштен қалмай біздің де шет тілдерін меңгергеніміз дұрыс. Ол үшін балаларды емес, жастарды бірнеше тілді меңгеруге жұмылдыруымыз керек. Еліміз жастарды тәрбиелеу арқылы, жан-жақты, алғыр да зерек интеллектуалды тұлға даярлайды. Қазақстанның болашағы – жастардың қолында екенін ұмытпайық.


Еркеназ Амангелдіқызы

11 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


Пост: Blog2_Post
bottom of page