top of page
Фото автораTURAN UNIVERSITY

Ұр тоқпағым, ұр!


2017 жылдың 3 шілдесінде Қазақстан Республикасының алғашқы Президенті Н. Ә. Назарбаев ҚР ҚК 108 және 109 баптарына («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» және «Ұрып-соғу») өзгерістер енгізу жайлы заңға қол қойды. Бұл заң бойынша аталған екі бап қылмыстық кодекстен әкімшілік кодекске ауыстырылды. Шілденің 13-жұлдызында өзгерістер күшіне енді. Қылмыстық кодекс бойынша әйелін соққыға жыққан ер адамды 45-60 күнге қамауға алу мүмкін болатын, ал қазір бұл үшін тек 15 күнге «қамауда ұстау» мүмкін болды. Ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін салынатын айыппұл мөлшері де азайғанын атап өткен жөн. Мысалы, Қылмыстық кодекс бойынша 200 АЕК (525 мың теңге) және 60 тәулікке дейін қамауға алу тәрізді шаралар Әкімшілік кодекс бойынша 15 АЕК (39 мың теңге) және 15 тәулікке қамауға алу сияқты жазалау түрлеріне ауыстырылды. Тек бұл өзгеріс тұрмыстық зорлық-зомбылық санын азайтты ма?

«Қазақстанның дағдарыс орталықтарының одағы» ЗТБ-нің берген мәліметіне сәйкес, Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 400 әйел қайтыс болатыны анықталды. Қазақстан бас прокуратурасының дерегінше, 2013 жылы әйелдерге көрсетілген зорлық-зомбылық артып, мұндай 137 мың оқиға тіркелген, 54 әйел тұрмыстық жәбір кесірінен өзіне қол жұмсаған. БҰҰ-ның тұрғын халық саласындағы қорының (UNFPA) Қазақстанда жүргізген зерттеуі бойынша, бұл елде әрбір сегізінші әйел тұрмыстық-зорлық зомбылыққа (адамды ұрып-соғу, жезөкшелікпен айналыстыру, саудаға салу, ақысыз жұмыс істету сияқты қылмыстарға) ұшыраған. Жан түршігерлік көрсеткіштер, солай емес пе?

Мәселенің шешімін іздеместен бұрын оның басты себептерін анықтап алған дұрыс. Біздің мемлекетімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіштерінің артуына түрткі болатын бірнеше айқын себептер бар.

Бірінші және ең басты себеп – қазақы менталитет және «ұят» түсінігі. Жәбірленушінің тиісті орындарға хабарламауының бірден-бір себебі осы. Бір немесе бірнеше рет соққы жесе де, өзінің жұбайы болғандықтан әйелдердің көп бөлігі құқық қорғау органдарына болған жағдай жайлы ақпарат бермейді, арыз берген күннің өзінде аздаған уақыттан соң арызын қайтарып алады. Себебі біздің елде отбасының мәселесін тысқа шығармау тәрізді түсініктер қалыптасқан. Тек отбасының ішінде жәбір көрсең, өзіңді қауіпсіз сезінбесең, ол шынымен де отбасы түсінігіне сай келе ме?

Екіншіден, шағымданушының қауіпсіздігіне ешқандай кепіл берілмейді. Мысалы, АҚШ-та шағымданушы әйел адамға сот болғанға дейін және сот барысында мемлекет тарапынан психолог, жеке адвокат беріледі. Сонымен қатар әйелге өз пәтерінде қалуға мүмкіндік (пәтер кімнің атына рәсімделгені маңызды емес) және қорғау нұсқамасы беріледі. Бұл нұсқама бойынша жәбір көрсетуші үйдің маңайына және жәбірленушіге жақындай алмайды. Біздің елімізде жәбірленуші арызданғанымен, үйінен өзге барып тұратын жері болмағандықтан жәбір көрсетушімен бірге тұруға мәжбүр болады. Осыдан кейін арызданушының сотқа дейін жетер-жетпесіне ешкім де кепіл бола алмайды.

Үшінші бір себеп – заңның жүйелі болмауы. Жәбір көрсетуші 15 тәулікке қамауға алынды делік, ал босап шыққан соң оның ұрып-соғуын жалғастырмайтынын ешкім де нақты айта алмайды. Бұл үшін қамауға алынған адаммен арнайы психологтар мен дәрігерлердің жұмыс жасауы керек.

Міне, елімізде осы және өзге себептер бойынша толыққанды және сапалы жұмыстар атқарылуы керек. Егер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тамырына толығымен балта шаба алмасақ, психологиясы тұрақты ұрпақ, бақытты отбасы және саналы қоғам түсініктерінен айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Елді өзгертпес бұрын елді құрайтын қоғамды өзгертіп, оны қауіпсіздікпен қамтамасыз еткен дұрыс.


Айым Алтайқызы

Журналистика, 2-курс

8 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


Пост: Blog2_Post
bottom of page