Иә, қазір ұялы телефон ұстамайтын адам жоқ. Тіпті, бесіктегі сәби де қалта телефонының жарығын көрсе, тыныштала қалады. Қолдарына телефон тимей қалса, бастарын жерге ұрғылап, бере қоймадың деп долданып жылап жатқан балдырғандардың неше түрлі видеоларын да осы телефоннан көріп, оған мәз болып күліп жатамыз.
Әрине, бүгінгідей технология қарыштап дамып жатқан заманда ұялы телефон керек. Өркениет көшінен қалмауымыз қажет. Мәселен, үйде отырып-ақ адамдар осы ұялы телефон арқылы несие де алып, оны төлеп те жатыр. Үйдің жарығын, тұтынған суының ақысын да осы телефонмен төлеп қойып отыр. Пойыздың билетін де осы бір төрт бұрышты «досымыз» алып бере қояды. Тамаша! Уақыт үнемдейсің деген сөз.
Бірақ өкінішке орай, жастардың көбі бос уақытын осы төрт бұрышты досымызбен ғана өткізуде. Ұйқысынан ояна сала, соған жармасып, «әлеуметтік желіде кім не жазды, «инстада» не жаңалық бар екен, кім қайда, кіммен, немен, қалай киініп жүр» деген ойлармен бас қатырады.
Ұялы телефоннан арыла алмай қалғанымыз соншалық, дастарқан басында да, қоғамдық көлікте де қолымыздан түспейді. Сондықтан жан-жағымызда не болып жатқанынан бейхабармыз. Құлақта «наушник», әлдебір көлік соғып кетсе де естімейді.
Әрине, ешкімге телефоннан бас тарту керек демеймін. Бірақ жан-жағымызға сергек болсақ екен, бір-бірімізді тыңдап, көңіл қойып, бір-бірімізбен шүйіркелесіп, әңгімелесіп отырсақ екен деймін. Кітап оқуды, таза ауада көп серуендеуді де ұмытпасақ дейміз. Бір-бірімізбен жанды, жылы қарым-қатынас орнатып отырсақ, адамдар да бір-біріне деген ықыласын, мейірімін жоғалтпайды деп ойлаймын.
Ақбота ҚОЖАЕВА
"Тұран" университеті, 3-курс студенті
Comments