1875 жылдың 2 маусымында Бостон университетінің Шешендік өнер мектебінің профессоры Грехем Белл ең алғаш рет байланыстырушы сымдардың көмегімен өз көмекшісінің даусын естиді. Өнертапқыш шотландықтың бұл жаңалығы тарих бетінде телефон деген атпен қалды. Бір қызығы, өнертапқыштың есімі ағылшын тілінен аударғанда, «қоңырау» деген мағына береді. Осылайша алғашқы ұялы телефонның шығу тарихы басталды.
Арада бір ғасырға жуық уақыт өткенде ең алғашқы ұялы телефондар пайда болды.
Бүгінде біздің өміріміздегі смартфондардың алатын орны жайлы бәріміз де білеміз.Өмірімізді қарапайым ұялы телефондар, смартфондар, планшеттерсіз елестете де алмаймыз. Біздің смартфондарға қарамай өткен бір күніміз де жоқ шығар. Қалт етіп, уақытымыз бола қалса, бірден телефонды шұқылай бастаймыз. Көп уақытымызды шынайы емес, виртуалды әлемде өткіземіз. Сөйтіп, адамдармен болатын коммуникациядан құр қаламыз. Бұның өзі – дерт. Қазіргі таңда смартфондардың адам ағзасына, денсаулығына, психикасына тигізер әсері туралы ешкім жазбайды. Сіз теледидардан не болмаса радиодан «Смарфондарды ұзақ қолдану адам денсаулығына айтарлықтай зияны бар» дегенді естідіңіз бе? Мен естімеппін. Қайта ішімдік пен темекіні көп насихаттап жатқанын көріппін. Бұл да – бір кемшілік. Жастар көп функционалды бұл дүниелердің адам денсаулығына зиян келтіретін тұстары бар екенін біле бермейді. Ұялы телефоннан шығатын электромагнитті толқындар адам денсаулығына зиян келтіреді. Халықаралық Денсаулық сақтау ұйымы осылай деп отыр. Оған негіз де жоқ емес. Себебі, жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде ғалымдар телефонмен көп сөйлесетін жандарда бас ауруы, ұйқышылдық, ашушаңдық белгілері кездесетінін анықтаған. Сондай-ақ, ұялы телефоннан бөлінетін электромагниттік толқындардың есте сақтау қабілетін нашарлататынын, қатерлі ісіктің пайда болуына әкеп соқтыратынын дәлелденген. Ұялы телефонмен ұзақ сөйлессеңіз, ол адам миын бір градусқа дейін қыздырады екен. Шведтік ғалымдар пайдаланушылардың 84%-ы құлақ тұсында температураның көтерілуін, 60 ұйқышылдыққа бейімделуін, 50%-ы бас ауруының күшеюін анықтаған.
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі атақты ғалымдар осы тақырыпта талай баяндамалар жасаған болатын. Сол ғалымдар еңбектерінің жарыққа шықпауының бір себебі – смартфондардың сатылымдарының азаюынан қорқу. Егер адамзат телефонның осыншама тигізер жаман әсерін білетін болса, онда ол телефонды сатып алуды қояды. Ал, ол, әрине, телефон шығарушы компанияларға айтарлықтай нұқсан келтіреді. Нәтижесінде құлдырауға да ұшырауы мүмкін.
Бүгінде ақпараттық технология қарыштап дамыған сайын, аталмыш бұйымдардың қауіптілігі де жоғарлай түсуде.
Қазір әлемде ұялы телефондардың қолданыс аясы өзінің байланыс орнату шегінен асып кетті. Телефондар өмірдің барлық саласында қолданылуда.
Ұялы телефон қазіргі заманда адамның ажырамас көмекшісіне айналды.
Әлбетте, бұл заманды жетілдірілген технологиясыз елестету мүмкін емес. Қоғамның қай саласында болмасын, смарфондар қажет. Жақындарыңмен, достарыңмен хабар алысып, жазысудан бөлек, қоғамдық көлікпен жүру маршрутын табуға, белгілі бір ақпараттарды фотоға түсіріп алуға және т.б. көптеген жағдайларда керек. Телефонның пайдалы жақтарын айтпасақ та бәріміз білеміз. Мамандардың айтуы бойынша, ұялы телефонды таңдаған кезде жасың 14 жастан асқан жөн. Ұялы телефоның әрі сапалы, әрі қымбат және міндетті түрде жаңа болуы, ұялы телефонды сатып аларда SAR өлшемімен танысып (0,8 Вт/кг болуы тиіс), сертификатты талап ету, күніне сөйлесу уақытын 2 сағаттан аспау, байланыс желісі нашар болған жағдайда ең дұрысы сөндіріп таста немесе SMS қызметін пайдалану керектігін, түнгі уақытта немесе найзағай кезінде телефонды сөндіріп тастау, ұялы телефонды кеудеде, ішкі қалтада, жатын бөлмеде сақтамау жайлы кеңестерін ұсынды.
Ойымды қорыта келе, ұялы телефонның зиянын біле тұра немқұрайлық танытпауымыз керек. Ол үшін мен төменгі ұсыныстарды жасаймын. Бұл проблема мемлекет тарапынан қолдау табу қажет, ол үшін бірқатар заңнамалар қабылдану керек. Жалпы халық, жастар арасында семинар, дөңгелек үстелдерді өткізуді дәстүрге айналдыру. Дүниежүзілік «Ұялы телефондардың зияндылығын насихаттайтын күн» жариялау керек. Мектептерде ұялы телефонды әкелуге тиым салу. Теледидар, газет-журнал беттерінде зияндылығы жөнінде жарнамалар, бейнеклиптер көрсету керек. Сонда ғана белгілі бір көрсеткішке жете аламыз деп ойлаймын. Сіздерге айтарым ешқашан да ұялы телефонға тәуелді болмаңыз, өмірде одан басқа да қызықтар бар екенің естен шығармаңыз!
Алинура САХАНОВА
Comments