top of page
Фото автораTURAN UNIVERSITY

Әдебиет – халық тарихының айнасы


Бірінші – иманың,

Екінші – жиғаның,

Үшінші – ырысыңның тұрағы.

Осылай деп жырлап, болашақ ұрпағына өшпестей мәңгі мол мұра қалдырып кеткен Төле бидей шешендерімізден бастау алған қазақ әдебиеті жайлы кім не біледі, қазақ әдебиетіне деген қызығушылық қандай?

Байқаған адамға әдебиеттің әр парағы тұнып тұрған тарих. Әр елдің мәдениетімен, салт-дәстүрімен, керек десеңіз тағылымды тарихымен таныстыратын да осы әдебиет. Өзге жұртты қоя тұрып өзімізге үңілейік.

Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл – Фарабидың өмірбаяны мен шығармашылығы қазақ әдебиеті беттерінде мөрдей басылып тұрғаны текке емес. Ал Жүсіп Баласағұнның бір «Құтты білігінің» өзі нендей асыл мұра десеңізші. Сүлеймен Бақырғани, Рабғузи, Ахмет Йүгінекилердің өзі бір төбе десек те, Махмұт Қашғари мен Қожа Ахмет Яссауиларды айтпай қалуға бола ма!?

Қой аузынан шөп алмас қазақ халқына аш қасқырдай тиген хандардың жауыздығын бетіне басқан Кетбұға, Сыпыра, Марғасқа жырауларымыз әдебиеттің аңыздағы кейіпкерлеріндей сезіледі маған. Елінің еркін өмір сүруін аңсап, ел – жұртын сыртқы жаулардан қорғау үшін, желмаяға мініп, еліне шұрайлы қоныс – «Жерұйықты» іздеген, алты атанға жүк артып, алты жыл жайлы қоныс қарап, қазақ жерін түгел шолып, әр қоныс, мекенге байыпты сын, баға беріп отырған – Асан Қайғы, «Батыр жігіт қол бастар» деп ерлікті, батырлықты жырына ту еткен жырау – Шалкиіз, қазақ халқын бірлікке, іргесі бүтін, ешкімге бас имейтін ел болуға шақыратын жырлар иесі – Доспамбет, тағысын тағы. Айтсақ сағаттар жетпейтін қазақ әдебиетінің баға жетпес асыл да, аңыз адамдары.

Айыпты деп ақ арына дақ түсірмек болса да, жасымай халқы үшін демі үзілер сәтке дейін күрескен Махамбеттей айбынды да, айбарлы қазақ ақыны ертегі кейіпкері емес, өмір шындығы. Қиын – қыстау сәттерде алтын мен күміске оранған, дүние үшін қырмызыдай қызын сатудан да тайынбайтын ақсүйектер, байлар мен шонжарларды емес, қырық жамау киім кисе де әр нанын адал еңбекпен тапқан, Алла алдында ары да, жаны да таза, қарапайым халықты қолдаған, оларға дем берген, рухты өлең – жырларын арнаған XIX ғасырдың көрнекті қазақ әдебиет өкілдері емес пе, ұрпаққа үлгі етеріміз?!

Зар, зар заман, зар заман,

Зарлап өткен тар заман.

Төрт аяқты хайуан -

Бұл дүниенің жарығы – деп Шортанбай нені меңзеп тұрғанын түсіну үшін асқан кемеңгер, данагөй болудың қажеті шамалы-ақ. Әр өлеңімен тұла бойыңды шымырлатып, халқыңа деген сүйіспеншілігіңді арттырып, тәубеңе келтіретін зар заман ақындары. Ата қонысының отарлаушы талауына түскеніне налып, туған жерінің кешегі күнін сағынышпен еске алған осы бір ақындарды қазір біздер еске алып жүрміз бе? Әлде болыстардың бодандығы сағым болды деп, өзіміз бос сағымның арбауында қалдық па?

Дүниенің тылсым сырын танып білгіңіз келе ме, қайткенде білімді, есті адам боламын дейсіз бе, мал табудың жолдарын өнерден іздеуге болатыны жайында бұрын-соңды естігенсіз бе? Бар сұрағыңыздың жауабын ұлы ақын Абайдан, оның қара сөздерінен табасыз. «... Бірінші ақынымыз деп халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пенен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар» - деп М.Дулатов айтқан осы бір өсиет іспетті сөзінің орындалуы біздердің қолымызда екені хақ.

Ұлы Отан соғысы тұсында өмір сүріп, тек халыққа емес, майданда жұрген жауынгерге де ерекше рух бітірген жалынды жырлар иесі де аз емес. Қазақ халқының орташа өмір сүру жасы шамамен 70 жас деген деректер де бар. Алайда, Жамбыл атаны еске алсақ мұндай деректерді тіпті жоққа шығарғың келеді. 99 жас ғұмырын текке өткізбей, «Халық поэзиясының алыбы», « XX ғасырдың Гомеріне» айналған қазақтың қарт жырауы.

Әдебиетте есімдері алтын әріппен жазылғандардың барлығын саралап шығуға уақыт жетпейді, әттең! Халқым деп қайғырып жүргенде сол халықтың жауы атанып қыршынынан қиылған, мезгілі жетпей дүниеден озған жақұттарымыз қаншама? Десек те, жақұттың өзі тең келмейді-ау оларға. Осындай тарихының тамыры тереңге жайылған қазақ әдебиетін үлгі тұтпасақ, оны білмесек, он жыл, мейлі жиырма жыл оқыдық деп ауыз көпірткеніміздің құны көк тиын емес пе?!

Гулдана Ермекқызы

2 просмотра0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


Пост: Blog2_Post
bottom of page