top of page

ӘЙЕЛ АНА-ТІРШІЛІКТІҢ ТҰТҚАСЫ!

  • Фото автора: TURAN UNIVERSITY
    TURAN UNIVERSITY
  • 2 окт. 2019 г.
  • 3 мин. чтения

Обновлено: 7 окт. 2019 г.


ree


Елбасымыздың қазіргі ұстанып отырған саясатында әйелдерге қамқорлық жасау үнемі көрініс тауып, назарында болып отыр.

Президентіміз әйел – аналарды құрметтей біліп, қамқорлық жасап, жауапты қызметтерге қойып, тұрмыста әйелдерге зорлық-зомбылық жасауға қарсы аяусыз күрес ашуды, ондайларға қолданылатын жазаны қатаңдату да халыққа жолдауында ескертіліп отыратынын айрықша айтып өткім келеді.

Аналар арманы – ел мүддесі, халық тілегі. Ана мейірі халық тілеуін нұрландырады. Бұл ұлттың – дәстүріміздің ең асыл сипаты.

Ана – мейір дүние. Ежелгі түркі тілінде өзінің мән-мағынасын еш төмендетпей келе жатқан «мәһир» деген сөз бар. Бұл сөз түркімендерде «мехир, мехрибан», ал бізде «мейір, мейірім, мейірбан» деп айтылады. Бұл негізінен ана мен бала арасындағы өте нәзік шұғылаларын сыйғыза білген ұлағатты ұғым.

Мейір – болашақ перзентті бірден өз аясына алатын айрықша әлем. Тіршілік атаулы ең әуелі мейірленуден басталады. Адамның ең алғашқы, ең мейірбан Отаны – ана құрсағы. Соның бәріне жауап ретінде: «Ана тіліңді ұмытпасаң, анаңды да ұмытпағаның» дейді халық.

Жасаған ием бізді жаратты, ана дүниеге алып келді! Адам ата мен Хауа анадан басқалардың бәрі де ана жатырында жаралған. Адам ата мен Хауа ананы жаратқаннан кейін Жасаған ием анасыз, әкесіз адам жаратқан жоқ, бұдан былай адамзат ұрпағын жарық дүниеге келтіру мехнаты дүниедегі ең мейірбан жан тек анаға ғана жүктелді...

Ертеде бірін-бірі ессіз сүйген екі ғашық болыпты. Сүйген жігіттің махаббатын сынамақшы болған ерке қыз: « Мені жан-тәніңмен сүйетінің рас болса, бар да, өз анаңның кеудесін қақ жарып, жүрегін маған алып кел»! дейді. Ғашықтықтан басы айналған әумесер, сүйген қызының әмірін екі етпей, анасының жүрегін кеудесінен жарып алып, дереу ғашығына қарай құйындата шауып келе жатқанда астындағы аты сүрініп, өзі құлайды. Сонда баланың қолынан анадай жерге ұшып түскен ана жүрегі: « Құлыншағым-ай, бір жерің жараланып қалған жоқ па?!» деп үн шығарыпты!

Міне, мейірбан ана осылай. Тұла бойын жарып ұшқан ұрпағы үшін өз шыбын жанын шүберекке түйеді, ешбір қатерден қорықпайды. Ал, қазіргі кезеңде бала мейірі анаға төмендеп кетті. Қариялар үйіне өткізу, немерелерінен айырып, алыста, жеке тұру әдетке айналып барады. Осының барлығына кінәлі байлық пен ақша ма? Әлде адам жан дүниесін жатсына бастаған сезім мен санада салмақты ойдың азаюы ма? Қалай десек те, адамзат жақсы өмірге ұмтылған сайын ұнамсыз әрекет, айла және қулық-сұмдық көбейіп бара жатқандай. Өз анасын ренжіткен адамнана жөнді азамат шықпайды. Өз анасына қамқор бола алмаған адам өзге біреуге жақсылық істеп жарытпайды. Ананы қастерлемеген қоғам жетілуі екіталай.

Ертеңгі аяулы ана бүгінгі қыздардың тәлім-тәрбиесінен басталады. Қазіргі де сыртқа еліктеп өзінің міндетін ұмытып жатқан қазақ қыздары да баршылық. Әсіресе, қыз-келіншектердің күтімі өзгеріп, сұлулық пен сымбаттың қадірі асқан сайын олар табиғат берген тамаша мүмкіндіктерді басқа мақсаттарға пайдалануы жиілеген сыңайлы. Ақырында айрандай ұйыған отбасылардың шырқын бұзуы мүмкін.

Біз үшін дәл қазір керегі – тәлімі мол тәрбиені насихаттап, ашық-шашық дүниелерді көрсететін киноларға тыйым салу керек. Жақсы отбасылар көбейген сайын қоғам, орта жақсарады. Жастар соған лайықты бейімделіп өседі. Қысқасы, қыздарымызға қырық үйден тыйым салатын уақыт келді.

Әрине өркениетке ілескен жөн шығар. Алайда билікке құштарлық қазақ қыз-келіншектерін аналық міндеттерін орындаудан тайдырып жіберді. Бізге керегі креслоға құштар қыздарды көбейту емес, ұрпақ сүйіп, оған жақсы тәрбие беруді күшейту болуы тиіс.Сондықтан Алла берген әдемілікті әдемі істерге ғана арнау керек. Ана деген дүниенің жүрегі, ол өмірге адам әкеліп, қоғамды өсіріп, жандандырады. Шынында да өмірдің түп негізі әйел – анадан басталады, болашақтың өсіп – өркендеуі де аналарға байланысты. Сондықтан бүгінгі күннен, дәл қазіргі сәттен жас қыздарымыздың тәрбиесіне назар аударумыз керек. Себебі бүгінгі қыздарымыз, ертеңгі бір үйдің түтінін тұтататын аяулы ана болады.

Қорытындылай келе, айтқым келгені әркімде бар болғаны бір ғана ана болады. Ешкімнің маңдайына екі ана бітпеген. Сондай-ақ ешбір адамның анасы қасында мәңгі бақи бірге болмайды. Ертелі-кеш басқа әлемге сапар шегеді. Қадірін білейік ағайын! Анамыз разы болмаса, бізге Алла да разы болмасы хақ. Бұл дүниенің мал-мүлкін түгел саған берілсе, соның бәрі жабылып анаңның орнын толтыра алмайды. Бүкіл әлемді аузына қаратқан теңдессіз патша болсаң да, сен сол қарапайым ғана анадан туылдың. Сен түгіл ұлы пайғамбарлар да бір кезде анадан туылған. Сөзімді аяқтай келе Мұхаммед пайғамбарымыздың Жәннат – аналардың аяғының астында деп тегіннен айтпағанын түсіндім. Ендеше, жұмақты іздеген адам оны анасының әр басқан қадамының ізінен іздесін. Ана қызметінен іздесін!


Алинура САХАНОВА

«Тұран» университеті 3-курс студенті

 
 
 

Комментарии


Пост: Blog2_Post

©2018 by Тұранның жедел жаршылары. Proudly created with Wix.com

bottom of page