top of page
Фото автораTURAN UNIVERSITY

ӘЙЕЛ ӘЛСІЗ БЕ, ӘЛДЕ ТУЫСҚАН АРСЫЗ БА?


Өткеннен бүгінге дейінгі уақытқа көз жүргіртсек, халқымыз қыз баласына ерекше көңіл бөліп, оң босағаны аттағанша қызғыштай қорыған. Аға-інілер бөтен жанның қырын қарасынан, өзгенің қолы түгілі сөзінен ада ұстаған. Бұл бәлки, табиғатынан қыз деген нәзік жаратылыстың намысы мен арын сақтау үшін барын салған бұрынғылардың асыл дағдысы болар. Бүгінде арқа сүйер аға, қолқанат болар інінің үйдегі қызға бөлетін уақыты мен көңілі алдыңғы буынның жасағанындай емес…

Бүгінде қоғамда жұрттың назарынан тыс түрлі жағдай орнауда. Соның көпшілгі қыз тағдырына байланысты. Қыз тағдырының келешекте қалай боларын ойламай, аңдаусыз да әдейі де өмірін ойрандап жатқан ер азаматтар көбеюде. Бір қынжылататыны, бұл арсыз істі жасайтын көбіне өзге біреу емес, қыздың туысқан бауырлары мен әкесі. ҚР-ның ішкі істер бөлімінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуы бойынша,2019 жылы 579 жыныстық зорлау фактісі тіркелген. Соның ішінде нәзік жандылардың 77%-ы жақындарының тарапынан зорлық көрген. Осы тұста психолог-сексолог Алина Шадинованың 3000 адамға жүргізген сауалнамасына көз жүгіртсек, 367 әйел кішкентай күнінде зорлыққа ұшыраған. Анығын айтқанда, олардың анотомиялық ерекшеліктерін байқап үлгермеген шақта , яғни, 3-5 жасында зорлыққа тап болған. Бұл, сауалнамаға қатысқандардың 10%-ы ғана. Сауалнамаға қатыспаған қаншама нәзік жанды бар?

Кішкентай күнінде зорлыққа ұшыраудың болашақта алып келер зардабы көп. Қыздың бойында психикалық-психологиялық ауытқулар орнап, ер адамды көргенде кірпідей жиырылып, бойында қорқыныш қалуы мүмкін. Ал бұл - қыздың болашақта отбасын құруына бірден-бір кедергі. Бұған мысал, Әсел(есімі өзгертілген) есімді қарагөзіміз. Әсел жүрекке тиер әңгімесін: “Бұндай жағдай менің басымнан небәрі 5 жасымда өтті. Туысқан-туғанның үйіне қыдырып баруды жақсы көретінмін. Бірде нағашыларыма қонаққа бардым. Үйде ойнап отырған жерімде мені нағашы ағам жүгіріп келіп, қатты қысып құшақтады. Артынша бетімнен сүйе бастағанда, итеріп, айғайладым. Ол маған айғайласам өлтіретінін айтты. Өзінің дегенін істеді де, еш болмағандай кетті. Мені қорқытқаннан ба, бала болғаннан ба ол кезде ешкімге айта алмадым. Содан бері менің жүрегімде дақ қалды. Ер адамды көрсем, жиіркеніш туындайды. Арада 16-17 жыл өтсе де, әлі ұмыта алар емеспін. Нағашы ағамды да туыстарымды да көргім келмейді. Ал тұрмысқа шығу ойыма да кіріп шықпаған. Ол туралы ойлауға қорқамын. ” деп, өзінің ауыр тағдырын баяндады. Бұл бір ғана қыздың тағдыры. Осы сынды бізге беймәлім ғұмырды кешіп жүрген аруларымыз қаншама? Осы тұста сауал туындайды. Ал, мұндай сорақылықтың көбеюіне не себеп? Психологтардың пікірінше, мұндай жағдайдың көбеюіне ата-ананың баламен ашық әңгімелеспеуі, жеке жұмыс жасамауы себеп. Қыз бен ұл бала 4-5 жасқа таяп қалғанда денесіне көңіл аудартып, бала тілінде түсіндіру керек. Баланы жуындырған кездің өзінде, дене мүшелерінің маңыздылығын ұғындыру қажет. Ұл балаға қыздың ең нәзік жаратылыс екенін, тиісуге болмайтынын санасына кұю керек. Өмірде болып жатқан түрлі қылмыстың бастауы - ата-ананың баламен кішкене күнінен ашық сөйлесіп, барлығын түсіндіре алмауында. “Ол әлі бала” деп селқос қараса, баланың ойы мүлдем басқа жаққа ауады. Бала ата-анадан ұялып көп нәрсені жасыратын болады. Артынша, жоғарыдағыдай жайттар орын алмақ. Ал ересектердің өзінің бауырларына бұндай зорлық көрсетуіне киноиндустрия мен интернетті шырмаған түрлі “видеолар” себеп. Өзінің әпке-қарындастарына деген жақындық, арсыз қарым-қатынастың бәрін шет елден үйренуде. Интернеттің ықпалы басым заманда мұндай туындылар адам психологиясына әсер етпей қоймасы анық.

Қыз - қоғамды гүлдендіруші, ұрпақты көбейтуші, жүрген жерінде берекені алып жүруші жақұт! Қыздың ары мен намысының тұтас болуы бүтін елдің басындағы тәжі емес пе? Берекенің бастауы болған әйел затын ардақ тұтар халық, арсыздық атаулыдан ада болса игі еді. Қарындастың бір тал шашы жерге түссе, көкіректегі намысы ойнап, қорған болар азаматтар қыз тағдырына бейжай қарамаса деген ниет…


Дана ЕРЛАНҚЫЗЫ

"Тұран" университеті, 3-курс студенті

1 просмотр0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


Пост: Blog2_Post
bottom of page