top of page
Фото автораTURAN UNIVERSITY

ӘННІҢ ДЕ ЕСТІСІ БАР, ЕСЕРІ БАР


Ән өнері - қазақ халқы үшін қашанда болмасын қасиетті болған. Өнердің биігі, адам жанының жыршысы, сезімді сазды әуенге айналдыра білетін бұл өнердің қадір қасиеті айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Бағасы биік бағаланатын ұлттық өнеріміздің бүгінгі күйі көңіл қуантпайды. Бұған себеп тыңдарманның талғамының өзгергені ме, әлде сазгер мен ақынның не болмаса әншінің сапасының түскені ме белгісіз. Әсіресе, бүгінгі қазақ эстрадасындағы мағынасыз, мәнсіз өлеңдердің көбейуі көңіл қынжылтады. Ең өкініштісі, осы әндердің қазақтың тойында бір емес, бірнеше рет шырқалатындығында, елдің сол сапасыз әндерге жарыса келіп билейтіндігінде.

«Ән – көңілдің ажары» деуші едік. Бүгінгі әндерді тыңдай отырып, әннің ажары да, базары да кетіп барады демеске лаж жоқ. Қазір ән де көп, әнші де көп. Тек есті ән қалмай барады. Өйткені соңғы жылдарда жас әншілердің орындауындағы әндер әнге жұртты елітпек түгілі, безіндіріп барады. Әнге талғамы төмен әншілеріміз еш мағынасы да, көркемдігі де жоқ әндерді еш қымсынбай айта беретін болған. Әндерді сараптап, саралайтын көркемдік кеңестің қажет екендігі біраздан айтылып жүр. Сол істі көпке ұзатпай қолға алу керек секілді. Өйткені бүгінгі әндерді тыңдау мүмкін болмай барады.

«Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

Тыңдағанда көңілдің өсері бар…» деп Абай жырлағандай, ессіз әндердің көбейіп сахнамызда сайран салуы ұлттың азғындалып, сананың бұғатталып бара жатқанының белгісі десек артық айтпағанымыз болар. Талғамсыздық пен сауатсыздық жайлаған қазақ сахнасындағы бүгінгі жағдайдың орын алғанына наразылық білдіретіндер көп. Алайда бұл жайт «шөп те өлең, шөңге де өлең» дейтіндерді онша алаңдатпайтын тәрізді.

Ән тұрмақ бүгінде әннің мәтініне қарасаңыз көз сүрінеді. Есті ән жазуға әнші де, сазгер де, ақын да құлықты емес сияқты. Өлеңге үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын мәнсіз мәтіндер өршімесе, өшетін түрі байқалмайды.Бұл тақырып төңірегінде сөз қозғасақ, ең алдымен мына бір өлең жолдары еске түседі:

«Құр айқай бақырған,

Жүрекке ән бе екен?

Өнерсіз шатылған,

Кісіге сән бе екен?

Расында, мәнсіз-мағынасыз сөзі сын көтермейтін құр «бақыр» құлақ етіңді жейді, жүйкеңді қажытады. Қазіргі таңда кейбір әндерді тыңдап осындай ой мазалайды мені. Бәлкім бұл мәселе сізде де бар шығар, құрметті оқырман. Тыңдарманның талғамы төмендеген деуге келмес. Тыңдарманда талғам қалыптастыру үшін сахнадағы сәнді, әндегі сөзді түзеп алу керек емес пе? «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген талап бар емес пе?! Тыңдарманнан түзелуді талап ету үшін сахнадағылар өзін де, сөзін де түзегені жөн. Қазақ тілі ежелден сөзге бай, сөздік қордан кенде емес еді. Ал, сол әндердің сөзіне қарасаң жаның ашиды. Қазақта ақындар да аз емес. Тым құрығанда әннің сөзіне мән берілсе, қазақ музыкасы бір сатыға болса да жоғарылар ма еді?! Кім білсін?! Сөзіміз сүйкімсіз болмасыншы дегім келеді бұл тұста.


Айжан АРМАНҚЫЗЫ

"Тұран" университеті, 3-курс студенті

8 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comentarios


Пост: Blog2_Post
bottom of page