Қара өлеңге қалау тапса қыл қалам,
Қиялыммен шабыт сыйлар бұл маған.
Мағжандардың сөз маржанын тізейін
«Мен жастарға сенемін!» деп жырлаған.
«Білім» дейтін тауып теңіз тереңін,
Тұңғиыққа сүңгіп тапқан керегін.
Сол біліммен болашаққа жол салар
Сол үшін де мен жастарға сенемін!
Елбасымыз-ел іргесін қалаған,
Ұлылығы ұрпағына тараған
«Мәңгілік ел» атанғанда Отаным
Мен жастарға қалай сенбей қала алам?!
Бабалардың ақ үмітін ақтаған,
Тарихы бар жүрегінде жатталған.
Мен ұлтымның жастарына сенемін
Тектілігі болмысында сақталған.
Отанымыз Тәуелсіздік алғалы,
Орындалды бар қазақтың арманы.
Мен жастарға сеніп өтем мәңгіге!
Зор мақтаныш - жастарымның болғаны!
Барша халық таныса ұлттың атағын,
Мен жастарға сенбей қалай жатамын?!
Қазақ елі толықтырмақ бүгінде
Әлемдегі үздік елдер қатарын.
Ертеңінен бар үмітін үзбеген,
Жүріп өткен баба салған ізбенен.
Мен жастарға сеніп өтем, себебі
Ұлы Алаштың ұрпағымыз біз деген!
Әрбір халық перзентімен бақ табар,
Ата-баба абыройы ақталар.
Мен жастарға сеніп өтем, жастармен
«Мәңгілік ел»! Атың мәңгі сақталар!
Шынар ТӨЛЕУХАН
Comments