top of page
Фото автораTURAN UNIVERSITY

Сіз сұңқарсыз самғап ұшқан қиядағы...


Жыр алыбы Жамбыл атам жалындаған,

Арғымақтай ақын едің арындаған.

Жақұттайын жырларыңмен жарып шықтың

Қара өлеңнің қамалдарын алынбаған.


Сіз сұңқарсыз самғап ұшқан қиядағы,

Мен талпынған балапанмын ұядағы.

Жалындаған жырларыңмен қанаттанып

Жүрегіме жырдың оты ұялады.


Жастайыңнан домбыра алып ақын болдың,

Жақсылар мен жайсаңдарға жақын болдың.

Алғаш рет «Шағым» атты өлең жазып

Осы күннен бастау алды ғасыр жолың.


Он төртіңде Сүйінбайдан батаңды алдың,

Орындалды көптен күткен ақ арманың.

Он бесіңде «Менің пірім-Сүйінбай!» деп

Жадымызда «Жамбыл ақын» атанғаның.


Сусындатқан өлеңімен бар қазағын,

Алатау да әуелеткен салған әнін.

Жетісудың жыр алабы Жамбылымның

Жырлары да жүрекке-дем, жанға-жалын.


Қазағымның шоқжұлдызын ол жандырған,

Ұрпағына өнегелі жол салдырған.

Өлді деуге болады ма, айтыңдаршы?!

Өлмейтұғын артына із қалдырған.


Бала жастан атанып ең Жамбыл ақын,

Жан едің жыр алауын жандыратын.

Сенің пірің-Сүйінбай боп кеткенімен,

Менің пірім өзің болып қалдың ақын.


Шынар Төлеуxан

Журналистика, 3-курс

3 просмотра0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


Пост: Blog2_Post
bottom of page